Елімізде жаңа оқу жылында 4 млн-ға жуық оқушы мектепке барады
Жаңа оқу жылында елде 4 миллионға жуық оқушы мектепке барады, деп хабарлайды 24kz.
Оның 360 мыңы мектеп табалдырығын алғаш атталағалы отыр. Ал қыркүйек айына дейін 20 «жайлы мектеп» пайдалануға беріледі. Сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті 100%-ке жеткізу көзделген. Бүгін білім саласындағы мәселелер Үкімет отырысында қаралды.
Альмира Оразбай, тілші:
- Биыл еліміз бойынша 3 миллион 900 мыңнан астам бала үшін жаңа оқу жылы басталады. Бірақ бірқатар өңірдегі мектептер қыркүйекке дейін пайдалануға берілмей қалуы мүмкін. Мәселен Ақтөбе облысындағы 7 білім ошағында құрылыс жұмыстары негізсіз созылып жатыр. Отырыста Премьер-министр Олжас Бектенов осы мәселеге назар аударды. «Нысандардың белгіленген мерзімде тапсырылуын қамтамасыз ету қажет», деді ол.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Тамыз айында күрделі жөндеу жұмыстарының барлығы аяқталуы тиіс. Алайда, 18 мектепте жоспарланған жұмыстардың 30%-і ғана орындалған. Бұл Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарына қатысты. Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдамаса болмайды. Балалар таза әрі ыңғайлы кабинеттерде білім алуы үшін оқу процесі басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын аяқтаңыздар.
Қазір әлеуметтік осал санаттағы оқушыларды қолдау шаралары жалғасып жатыр. Балаларды қажетті оқу құралдармен қамту мақсатында «Жалпыға бірдей білім беру қорынан» 22 миллиард теңгеден астам ақша бөлінген. Сондай-ақ қазір елдегі мектептердің 90%-і оқулықтармен қамтылып отыр. Бұдан бөлек, 1 қыркүйектен бастап 2 миллионға жуық оқушыға тегін тамақ үлестіріледі.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Әкімдіктер тарапынан тегін тамақты ұйымдастыру үшін қажетті қаражат бөлініп отыр. Яғни, биыл қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы тегін тамақтанады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 100 мың балаға артық. Биыл да 510 мың баланы мектепке дайындалуға қажетті көмекпен қамту көзделген. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен қажетті қаражат қарастырылып отыр.
Үкімет отырысында талқыланған ең басты мәселенің бірі – оқушылардың қауіпсіздігі. Қазір білім беру ұйымдарының жартысына жуығы қауіпсіздік жүйесіне қосылмаған. Бұл ретте Премьер-министр: «әкімдіктер мектептерді лицензияланған күзетпен, турникеттермен және жедел басқару орталықтарына қосылған камералармен жабдықтауы қажет», деді. Сөйтіп, жауапты ведомствоға мектептерге тексеру жүргізуді жүктеді. Осылайша, жыл соңына дейін білім ордаларындағы қауіпсіздік үлесін 100%-ке жеткізуді тапсырды. Жалпы Ішкі істер министрлігі биыл 2,5 мыңнан астам мектепті тексеріп, мыңнан аса бұзушылықты анықтаған. Тиісті айыппұлдар салынып, 340 басшы жауапкершілікке тартылған.
Ержан Саденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Күзетудің төмен көрсеткіші Түркістан – 51%, Ақтөбе – 61%, Алматы, БҚО, Қостанай обылстарында – 62%. 5274 жеке оқу ұйымдарының 65%-і ғана күзетке алынған. Бұл келесі обылстарда нашар ұйымдастырылған: Жетісу , Ақтөбе , Атырау обылстары. Күзетшілердің көбісі қарапайым вахтерлар, үлкен кісілер, зейнеткерлер. Көбіне әйел азаматтар. Ол жерде білесіздер, қандай күзет болуы мүмкін ол жерде.
Енді жоғары оқу орындарына көшсек. Биылғы грант конкурсына қатысқан түлектер саны былтырғымен салыстырғанда 11 мыңға көп. Осылайша, мемлекеттік білім беру тапсырысы кейінгі үш жылда алғаш рет 99%-ке игеріліп отыр. Жаңа оқу жылында бакалавр бойынша 79 мың, магистратура үшін 13, ал докторантураға 3 мыңға жуық грант бөлінді. Алайда бір мәселе бар. Кейбір түлектер тестілеуден жоғары балл алса да, мемлекет ұсынған тегін оқудан құр қалды. Үкімет отырысында жауаптылар грантқа ілікпегендерге қосымша 8 мың грант бөлетінін мәлімдеді. Бұған қоса, өңір әкімдіктері де 2 мыңнан астам грант бөледі.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Мүгедектерге, мүмкіндіктері осал топтардың отбасыларынан шыққан балалар, толық емес отбасыдан шыққан балалар 100% биыл арнайы квота игерілді, ол да жақсы жаңалық. Яғни, біздің әлеуметтік қолдауымызды көрсетеді. Қандастар – өте үлкен жаңалық болды. Біз қандастарға «Отандастар қорымен» бөлек отырып, биыл алғаш рет қабылдау процедураларын жеңілдеттік. Сондықтан 1604 қандасқа грант берілді.
Сондай-ақ биыл студенттер үшін 10 жатақхана пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылына таман тағы 8 мыңнан астам орындық 19 жатақхананы іске қосу жоспарда бар. Дегенмен, орын тапшылығы әлі де өзекті. Бірақ министр: «қазір мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз», деді.
Авторлары: Альмира Оразбай, Арман Ақшабаев