Алматыда НЗМ оқушылары дүниежүзілік олимпиадаға қатысады

Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары дүниежүзілік робототехника олимпиадасына қатысады.

Олар іріктеу кезеңінде үздік шығып, FIRST GLOBAL Challenge чемионатына жолдама алды. Әлемдік шара осы жылдың 26-29 қыркүйек аралығында Афинада өтеді. Қазақстандық команданың дайындығын біздің тілшілеріміз көріп келді.

Досжан Дайран Назарбаев зияткерлік мектебінде 12-сыныпта оқиды. Робот жасау оның сүйікті ісі. Бірнеше жарысқа қатысып тәжірибе жинақтап қалған. FIRST GLOBAL Challenge чемпионатына іріктеуге арналған халықаралық жарыста оның командасы өзгелерден озық шықты. Оған 200-ге жуық жас инженер қатысқан. Үздік атану тынымсыз еңбектің, балалардың жеңіске деген ұмтылысының нәтижесі,-дейді Досжанның өзі. Жолдама ұтып алғаннан кейін оқушылар бірден роботтың жұмысын жетілдіруге кірісіп кетті. 

Досжан Дайран, 12-сынып оқушысы:

- Июньде шыққан еді. Біз сол шыққаннан күнде лабораторияға келіп 7-8 сағат робот жасаймыз.1648 Бізде роботтың көптеген версиясы болған. Бірінші робот екі допты ғана алатын еді. Одан кейін 3 допты алады, кейіннен 4 допты алатын робот болды. Қазір біз жаңа робот жасап жатырмыз. Ол бірден 4 допты алады. 

Команданың құрамында бес оқушы бар. Досжан Дайраннан бастап, Нұржан Көкеев, Әлфия Байжақып, Дастан Қадылбек және Ердәулет Түргенбаев бар. Әрқайсысының міндеті әртүрлі. Екеуі драйвер яғни роботты басқарушы, тағы екеуі бағдарлама жасаушы және SММ дизайнер. Биылғы жарыс экожүйе тақырыбын қозғайды. 

Дулат Байтөленов, НЗМ робототехника зертханасының меңгерушісі:

- Экосистемаға байланысты. Ол жақта су бар. Доптар нені білдіреді. Суды білдіреді. Тамақты білдіреді. Жерді білдіреді. Доптардың түсі арқылы біз сол қораптарды толтырамыз. Ол роботтарды дайындау үшін көп уақыт кетеді. Ол роботтың кейбір айырмашылықтарын өзгертіп, біз жаңа робот құрастырдық. Біз оның минустарын, плюстарын өзімізге қосып жаңа роботты дайындап барамыз. 

Робот техникасы зертханасының меңгерушісі Дулат Байтөленовтің айтуынша, барлығы 24 доп болады. Көк суды, жасыл энергияны, қызғылтсары азық-түліктің түсін білдіреді. Робот соны шатастырмай жәшіктерге салуы тиіс. Бір түстен екі доп түсіп кетпеуі керек. Айта кетейік, робототехника жарысында зияткерлік мектеп оқушылары екі дүркін әлем чемпионы атанған. Соңғы екі жыл қатарынан Женева мен Сингапурда өткен чемпионатта үздік атанды. Енді Грекияда дүниежүзілік олимпиадада ел намысын қорғайды. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов