Сарапшылар: Жасанды интеллект мұғалімді алмастыра алмайды
Жасанды интеллект мұғалімдердің орнын алмастыра алмайды, деп хабарлайды 24kz.
Бірақ күнделікті тапсырмалардың 20-40% автоматтандыруға көмектеседі. Осылайша, мұғалімдердің жүктемесін азайтады. 2024 жылғы республикалық тамыз саммиті аясында өткен «Жасанды интеллект дәуіріндегі классикалық білім» панельдік сессиясының сарапшылары осындай пікірде.
«Қазақстанға жасанды интеллект кез келген баланың ең үздік оқу бағдарламаларға қол жеткізіп, білім деңгейіндегі алшақтықты азайтуға мүмкіндік береді», - дейді мамандар. Дегенмен, жасанды интеллектіні этикалық тұрғыда және қауіпсіз пайдалану ережелерін пысықтау қажет. Халықаралық мамандар қатысқан жиынды Qalam Global мультиплатформалық ғылыми-білім беру жобасы ұйымдастырған. Панельдік сессия аясында Özimiz республикалық ауызша тарих байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Анар Жұмахан, Özimiz байқауының 2-орын жеңімпазы:
- Менің жұмысым «Қарасай шатқалы» деп аталады. Петроглифтердің ерекше галереясы Қарасай шатқалы жайында. Мен ол жерге біздің Шерхан Мұртаза атындағы тарихтану және руханият орталығының директоры Сауран Қилұлымен барып, сол жерде екеуміз әңгімелескен болатынмын. Яғни, петроглифтердің түп тамыры неден шыққанын, оны адамдар қандай себеппен салғанын, қандай әдіс-тәсілдермен салғанын әңгімелеп, мен видео түсірген болатынбыз және Ozimiz Global байқауына қатысып, мен екінші орын алдым. Өте қатты ықуаныштымын.
Жар Зардыхан, тарихшы, Qalam жобасының бас редакторы:
- Жасанды интеллект ғылымға белсенді кіріп жатыр. Тіл жағынан, қолжазбаларды оқитын, аударатын жасанды интеллект бар. Қазақ тарихында араб әріптерімен, бұрынғы латын әріптерімен жазылған өте көп бай материалдарымыз бар. Адам емес, жасанды интеллект тез, жақсы таратып, сол жағынан ғалымдар үшін, зерттеушілер үшін керемет мүмкіндік. Әрине ғылыми методологиядан ұзақ кетпейміз, тексереміз. Шын жасалған, бұрмаланғаны да болады. Сол үшін тарихшылармен тығыз жұмыс істейміз.