Алматыда World Rоbot Olimpiad байқауына іріктеу басталды
Алматыда робототехникадан World Robot Olympiad халықаралық олимпиадасының республикалық байқауы басталды, деп хабарлайды 24KZ.
Биылғы жарыстың тақырыбы – «Жер-Ана қамқоршылары». Командалар адамзат пен табиғаттың бір-біріне әсерін зерттеп, роботтар арқылы адамның табиғатпен үйлесімді өмір сүруін анықтайды. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық оқушы қатысады.
Байқау Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ұйымдастырылды. Оқушылар 4 санат бойынша бақ сынайды. Қатысушылардың басым бөлігі жалпы білім беретін мектептерден келді. Қажымұқан мен Айдос Жамбыл облысы Байзақ ауданы атынан байқауға қатысып отыр. Олар көгалдандырғыш робот жасады.
Қажымұқан Аманбай, оқушы:
- Бағдарламасы гүлді аулаға егіп, көгалдандырып және гүл отырғызған «горшоктарды» үйге апару керек. Солай көгалдандырады. Түрлі заттарды, өзіңнің ойыңдағыны жасай аласың. Роботтар. Қалаған заттарыңды жасап, болашақта дами аласың.
Future Innovators санатында өнертапқыштар адамның табиғатпен үйлесімді өмір сүруіне көмектесетін, табиғи құбылыстардан қорғай алатын, климаты қатал жерлерде тұруға жағдай жасайтын робот модельдерін әзірлейді. Байқоңырдан келген Мақсат пен Елдар – нағыз табиғат жаншырлары. Жас өрендер өзен-суларды қоқыстан тазалайтын жоба дайындады.
Елдар Жалғасбек, оқушы:
- Осы металдың бәрі – литий. Литий ең жеңіл металл болғандықтан, содан жасадық. Негізі кемелердің бәрі сол литийден жасалады. Себебі оның ішінде ауа да тұра алады, ол жеңіл де болады.
Робот құрастырушылардың байқауы 2014 жылдан бері өткізіледі. Бұл – жас балалардың зейінін ашып, өз ойларын іске асыруға арналған білім мен ақыл жарысы.
Ермек Серікұлы, физика-математика бағытындағы НЗМ директоры:
- Жалпы жастарымызға бұндай дағдыларды, білімдерді, осындай робототехника, информатика, бағдарламалау және экологияны, барлығын кіріктіріп, балалар өздерін осындай жоба арқылы көрсетіп отыр.
RoboSport санатында оқушылар арнайы алаңда тапсырмаларды орындап, спорттық сайыстарға қатыса алатын роботтарды жинайды. Республикалық байқаудың жеңімпаздары қараша айында Түркияда болатын Дүниежүзілік робот олимпиадасына жолдама алады.
Авторлары: А. Садуақас, С.Жұмабаев.