Қазақстан мектептері 1 қыркүйекке дайындығын пысықтап жатыр

Білім күніне небәрі екі күн қалды. Қазір елдегі барлық мектеп жаңа оқу жылына дайындығын пысықтап жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Күрделі және орташа деңгейдегі құрылыстарын аяқтап, білім ордасын 1 қыркүйекке, сақадай сай қылуға асық. Ал Астанадағы мектептердің даярлығы қандай? Мұны бірқатар оқу ошағын аралаған тілшіміз айтып береді.

Альмира Оразбай, тілші:

- Астанадағы №104 мектеп үшін биыл бірінші оқу жылы. Ұлттық жоба аясында салынған бұл жайлы мектеп қазір 2 мыңға жуық оқушыны қабылдап, 8 бірінші сыныпты жасақтап қойған. Мамандар құрылыс жұмысын аяқтауға жақын. Ал жұмысын су жаңа мектептен жалғастырғалы тұрған мұғалімдер бір-бірімен және мектеп аумағымен танысып жатыр. 22 мың шаршы метрді болатын ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Ол соңғы үлгідегі қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған.

Нәзира Ымыранова, №104 Жайлы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- Жайлы мектептің бірінші мақсаты – балалардың қауіпсіздгі және әрбір балаға, мұғалімге жайлылық. Бізде 5 кіретін есік бар, ол жерде турникеттер орнатылған. Мектепті айтатын болсақ, бұл жерде 221 камера орнатылған. Бұл дегеніміз не? Бұл әрбір баланың қауіпсіз мектепте жайлы білім алуына жол ашу дегенді білдіреді.

Мектепте бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек-бөлек блоктар қарастырылған. Оқу ордасының тіпті 4 спорт залы бар. Онда тиісті құрал-жабдықтар қойылған. «Жалпы мектепті жабдықтауда тек отандық өндірушілердің өнімі қолданылды», - дейді мамандар.

Қуаныш Айдарханов, №104 Жайлы мектеп дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

- Спорт залында балалардың денесін шынықтыру үшін барлық жағдай қарастырылған. Оқушылардың жарысы кезінде олардың ұпайларын санау үшін тіпті электронды табло бар. Ол біздің уақытымызды үнемдеуге көмектеседі. Сәйкесінше, балалармен көбірек жаттығуға септігін тигізеді.

Сынып кабинеттеріндегі жаңа құрылғылар әлі өз қорабында тұр. Жаңа ноутбуктер әлі орамынан алынбаған. Сондай-ақ мектеп асханасына бір ауысымда 2 мың бала сияды.

Айта кету керек, білім ошағының құрылысы сәтті аяқталып, мерзімінен 3 ай бұрын ерте тапсырылып жатыр. Қазір құрылысшылар тек мектеп ауласының жұмысымен әлек.

Сұңғат Орақбай, құрылыс компаниясының өкілі:

- Құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Дәл қазір мектептің жаңа оқу жылына дайындығы 98% деп айта аламыз. Қазір аула жұмыстары мен ішкі және сыртқы инженерлік желілерді іске қосу жұмыстары жүріп жатыр.

Дайындық жұмыстары қаладағы №85 мектеп-лицейінде де пысықталып жатыр. 1 қыркүйекте 3 мың оқушы партаға отырады. Ал, 233 бала алғаш мектеп табалдырығын аттайды. Мұнда заманауи қауіпсіздік жүйесі жұмыс істеп тұр. Турникеттен өту үшін ID-карта емес, Face ID, яғни түр-әлпетті тану қондырғысы қойылған. Сондай-ақ кіреберісте мектеп формасының үлігісін көруге болады.

Бағлан Өміров, №85 мектеп-лицейі директорының орынбасары:

- Формамыз классикалық стильде болуы керек. Оқушылардың формасы қою көк түсті дейміз, көк күлгін түсті форма. Бұл жерде біз мектептің кіреберіс жеріне ата-аналарымызға форманың үлгісін қойып қойдық. Сонымен қатар біз өз ұлттық құндылығымызды, дәстүрімізді дәріптеу үшін барлық сынып демеймін, бірақ ішінара сыныптарда жұма күндері біз ұлттық киіммен жүреміз.

Мектептің әрбір бөлігінде балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Ал әрбір есікте мынадай QR-кодтар тұр. Сол арқылы оқушылар өзін алаңдатқан мәселелер бойынша тиісті мамандарға жүгіне алады.

Ләззат Мақұлбай, №85 мектеп-лицейінің психологы:

- Буллинг мәселесі ауқымды қарастырылуда. Ондай жағдайларда буллингтің алдын алу үшін әр сыныппен жеке тренингтер өткіземіз немесе танымдық сағаттар өткіземіз. Егер буллингке ұшыраған бала болса, әрине, ең алдымен психологиялық көмек көрсетеміз. Баланың көңіл-күйі жақсарғанға дейін мектеп психологтары қолдап, көмектесуге дайын.

1 қыркүйекте ел аумағындағы 7859 мектеп жұмысын толық бастайды. Жаңа оқу жылында 4 миллионға жуық оқушы білім алады. Оның 350 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отыр.

Авторлары: Альмира Оразбай, Өрден Жарқын