Қызылорда облысындағы мектептерге жасанды интеллект енгізіледі

Қызылорда облысында жаңа оқу жылында 17 білім беру нысанын іске қосу жоспарланған, деп хабарлайды 24kz.

Оның ішінде 10 «Жайлы мектеп» бар. Сонымен қатар 4 апатты мектеп ғимараты қайта салынып жатыр. Бірнеше оқу ордасының жанынан қосымша ғимараттар да бой көтеруде. Осылайша, өңірде 297 мемлекеттік, 40 жеке мектеп білім күні оқушыларды қабылдады. Қазір осы аймақтағы арна тілшісі №264 мектептегі іс-шарадан тікелей байланысқа қосылды.

Диктор:

- Нұрлан, Сыр өңірінде биылғы оқу жылы қандай ерекшелікпен басталды?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Биыл Қызылорда облысындағы мектептерде 185 мыңға жуық оқушы білім алады. Олардың 17 мыңнан астамы бірінші сыныпқа қабылданды. Яғни, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3 мыңдай оқушыға көбейген.

Қазір біз тұрған №264 мектепте «Мектебім, мейрім мекенім» атты салтанатты шара басталды. Сонымен қатар «Абайлаңыз, балалар!» атты қауіпсіздік сабақтары да қатар өтуде. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» демекші, полицейлер Білім күнінен бастап оқушылардың тәртібі мен қауіпсіздігін сақтау шараларына басымдық беріп отыр. Бұл ретте балаларға жол ережелерін түсіндіретін арнайы бейнероликтер көрсетіліп, танымдық сабақтар өткізу жоспарланған. Бұл туралы Ердаулет айтты.

Ердаулет Жаукеев, облыстық полиция департаменті жпқ басқармасының бастығы:

- Республика көлемінде өтіп жатқан «Назар аударыңыз – балалар!» шарасы аясында облыстағы 335 мектептің аумағында жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарына, жол белгілері, жол үсті таңбаларына тексеру жүргізілді. Анықталған кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға 118 нұсқама, 18 ұсыныс-хабарлама жолданып, көліктің жылдамдығын мәжбүрлеп азайтуға арналған жасанды тегіс-еместіктің 54, жол белгілерінің 112 данасы қайта қалпына келтіріліп, жаңадан 62-і орнатылды. 308 жаяу жүргіншілер өткелінің таңбалары жаңартылды.

Жаңа оқу жылындағы тағы бір ерекшелік – оқушылар мектепке жеке сәйкестендіру картасы арқылы кіріп-шығатын болады. Бұл жүйе оқу ошағындағы кітапхана, асханаға де енгізіледі. Осылайша, ата-аналар балаларының мектепке барғанын, қандай ас ішкенін, тіпті кітапханадан қандай оқулық алғанына дейін онлайн бақылайды. «Әзірге мұндай жаңашылдық аймақтағы 87 мектепте қолға алынды. Сонымен қатар балаларды енді мұғалім емес, жасанды интелект бағалайды»,-дейді өңірдің бас ұстазы.

Асқарбек Есжанов, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Бұрын өздеріңіз білесіздер бағалауды мұғалімдер қолмен тексеріп шығатын. Енді компьютерге арнайы бағалау жүйесін енгізеді, оқушының жауабын салады, енді мұғалім емес, бағаны компьютер шығарып береді. Әділ баға болады. Бұрын көтермелеу, адами фактор, байқамай қалу. Сондықтан қателіктер болатын болса, бұл жолы компьютер баланың бағасын есептеп шығарып беріп отырады.

Бұған дейін облыстағы 41 білім ұясында интернет жылдамдығы мәз емес еді. Мамандардың айтуынша, бұл мәселе спутниктік қондырғылар арқылы шешімін тапқан.

Айта кетйік, өңірде бүгінгі күні үш ауысымда оқытатын мектептер жоқ.