Қазақстандық кадеттер халықаралық жарыста жеңімпаз атанды

Қазақстандық кадеттер Қырғызстанда өткен халықаралық жарыста жеңімпаз атанды, деп хабарлайды 24KZ.

Онда Алматы облысының Іле ауданындағы №32 және №7 орта мектебінің әскери-патриоттық сыныптарынан құралған командасы сынға түсіп, жүлделі І орынға ие болды. Жолда жүру ережелері бойынша өткен сайысқа Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Әзербайжан мемлекеттерінің жас кадеттері қатысты. Халықаралық сайыста еліміздің намысын абыроймен қорғап қайтқан өрендерді облыстық Полиция департаментінің басшылығы Білім күнімен құттықтап, арнайы сыйлықтар табыс етті.

Алматы облысының Іле ауданында алғашқы кадет сыныбы 2014 жылы ашылған болатын. Қазір онда оқушыларға әскери-патриоттық бағытта тәрбие беретін 10-сынып жасақталған.

Медина Болатжан, Іле аудандық №7 орта мектебінің 7-сынып оқушысы:

- 6 команда болды. Әр топта 5 оқушыдан болды. Олардың бәрі бір сыныптан алынған. Бәрі өздерін жақсы жағынан көрсетті. Бәрі өте керемет өтті. Біз деген ол жерде 3 күн болдық. Маған әскери-патриоттық жүйе өте ұнады. Ол жерде өте көп білім алуға болады.

Ертай Андосов, ҚР бойынша «Әскери-патриоттық клубтар» бағдарламасының авторы:

- 6 мемлекеттің арасында біздің командаларымыз І орын алып шықты. Ол жақта жол ережесі, одан кейін оқушыларға агитбригада өткізілді және балалар жол ережесіне қатысты білім тестілерінен өтті. Қазіргі балалар велосипед, мопед мініп жүр ғой. Сол жол ережелерін велосипедтермен қалай орындау керек, сондай жаттығулар өтті.