Оқу жылы басталды. Елде 4000-ға жуық ұстаз жетіспейді

Бүгін оқушылар үш ай үзілістен соң алғаш рет мектеп партасына отырады.

Жаңа оқу жылында елдегі 7 мың 859 мектепте барлығы 3,9 миллион оқушы білім алады. Олардың 351 мыңнан астамы 1 сыныпқа қабылданды.

Мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушылардың ең көбі Түркістан облысында – 44 мыңнан астам. Одан кейін Алматы облысы, аймақта 34 мыңнан астам 1-сынып оқушысы бар. Ал үшінші орынға 26 мыңнан астам бала санымен Астана қаласы табан тіреді.

Айта кетейік, биыл 11-сынып оқушыларының саны да көбейген. 2024-2025 жылғы оқу жылында 219 мыңнан астам бала мектепті аяқтайды.

Елде 398 мың 854 педагог жұмыс істейді. Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, олардың 92 мыңға жуығы модератор, 87 мың 600-ден астамы сарапшы, 76 мыңы зерттеуші және 3 мың 500-ден астамы шебер біліктілігін иеленген. Қазір түлектердің басым бөлігі осы мұғалімдікті таңдайды дейді сала өкілдері.

Соған қарамастан кейбір өңірлерде маман тапшылығы да сезілетінін айта кету керек. Мысалы Батыс Қазақстан облысында – 245 мұғалім, Шығыс Қазақстан облысында – 132 мұғалім жетіспейді.

Жалпы елдегі орта білім саласында 3700 мұғалім жетіспейді. Бұл туралы оқу ағарту министрлігі мәлімдеді. Бұл кейбір өңірлердегі білім сапасының төмендігіне де әсер етіп отыр.

Сондықтан мемлекет білім саласындағы жас мамандарға барынша қолдау жасайды. Биылдың өзінде алтын белгі иеленген 1 мың 700 түлек мұғалім мамандығын таңдаған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 400 адамға көп. Мұндай жақсы көрсеткіш алдағы уақытта мектептерде сапалы білім беретін педагогтар қатарын арттырады дейді оқу-ағарту министрлігінің басқарма басшысы Әлия Чокушева.

Әлия Чокушева, Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің басқарма басшысы:

- Өкімет тарапынан мына жастарға қолдау жасалып, жас мамандарды өңірлерге тартып, бүкіл әлеуметтік жағдайларын, тиісті қолдауларды бере отырып, мұғалімдік қызметке тарту қолға алынып, жүзеге асырылуда.