Мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесі артады
Мемлекет басшысы мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру қажеттігін айтты, деп хабарлайды 24kz.
Сондай-ақ мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алған жөн деді. Ұстаздың біліктілігі болмаса, үздік оқу бағдарламасы да, заманауи мектептер мен озық басқару жүйесі де бекер.
«Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұдан бөлек ол баланы мектепке дайындау мәселесіне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапты. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында әр балаға бөлінетін қаражат отбасының нақты табысына байланысты болуы керек. Осылайша, біз білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру арқылы шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетеміз және мемлекеттік қолдаудың ашық болуын қамтамасыз етеміз. Түптеп келгенде, азаматтарымыздың әлеуетін арттырамыз.