Ақтөбе облысында жұмысшы мамандықтарға бөлінген мемлекеттік грант көбейді

Ақтөбе облысында жұмысшы мамандықты таңдап, арнаулы оқу орындарына түсетін мектеп түлектерінің қатары артқан, деп хабарлайды 24KZ.

Биыл өңірде дәнекерлерлеуші, ағаш ұстасы, токарь мен құрылысшы сияқты мамандықтарға бөлінген грант көлемі 5% өсіп отыр. Колледжге құжат тапсырған жастардың кәсіп игеріп қана қоймай, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі де мол.

Сағыныш Орынбаева машина жасау технологиялары мамандығын игеріп жүр. Колледж оқушысы дуалды жүйе аясында жергілікті зауыттардың бірінде тәжірибеден де өткен. Оқу ордасының түлектері білікті маман болып шығатынына көзі жеткен көптеген өндіріс орны студенттерге күні бұрын жұмысқа орналасу туралы ұсыныс жасайды.

Сағыныш Орынбаева, колледж оқушысы:

- Білім сапасы жақсы, іштегі технологиялардың сапасы жақсы. Көне емес, бәрі жаңартылған. Білім сапасына қарай мені жұмысқа шақырды және сол жұмысқа осы жақын арада тұрайын деп жатырмын. 18-ге толғаннан кейін сол компанияға жұмысқа тұрамын. Бұйырса.

Болашақ машинисттер мен операторлар, дәнекерлеуші мен темір жонушы мамандарды даярлайтын оқу ордасында 750 студент оқиды. Барлығы да – мемлекеттік грант иегері. Білім беру жүйесінің талабына сәйкес жастар теориялық дәрісті игеріп, өндірістік тәжірибеден де өтуі тиіс.

Жанат Қожаниязова, колледж директорының орынбасары:

- Оқушылар 2 курстың екінші жартысынан бастап өндірістік тәжірибеге бағытталады. Сол жерде білімін шыңдап, өндіріс орнында білмегенін үйренеді. Біздің әлеуметтік әріптестеріміз жұмысқа да шақырып жатады. Дуалды оқыту жүйесі тиімді екендігін дәлелдеп отыр.

Биыл мектеп тәмәмдаған 7 мыңнан астам түлек мемлекеттік грант иегері атанып, колледжге оқуға түскен. Олардың арасында жұмысшы мамандығын таңдағандары аз емес.

Айнұр Биманова, облыстық білім басқармасы бөлімінің бас маманы:

- Бұл 7654-тің ішінде сонымен жұмысшы мамандықтар бар. Оның саны – 2135. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда жұмысшы мамандықтары 5% артып отыр. Дәнекерлеуші, кірпіш қалау, аспазшы, токарь мамандықтары жақсы дайындалып жатыр.

Себебі нарықта жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Мәселен, «Еңбек.kz» порталында бұл санат бойынша 847 бос орын бар. Сондықтан жас мамандарды оқытумен қатар жұмыссыздар да қайта даярлау курстарында жаңа мамандық иесі атанып жатыр. Бұл мақсатта биыл бюджеттен 270 млн теңге бөлінді.

Бибігүл Бисенғалиева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі күнге соның 180 аяқтап, 177 жұмысқа орналастырылды. Оқу қазір жалғастырылып жатыр жыл соңына дейін. Бұл қысқамерзімді курстың ұзақтығы 6 айға дейін. Енді оқу процесіне қарай ол 3 ай және 4 ай болып әртүрлі бөлінеді.

Ел Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялай отыра, өз Жолдауында «Техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет», – деген болатын. Бұл экономиканың өсімін қамтамасыз етіп, өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жағдай жасайды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.