Қазақстандық студенттер Франциядағы WorldSkills чемпионатынан жүлделі оралды

Қазақстандық жастар Францияда өткен 47-ші WorldSkills халықаралық чемпионатынан 7 медальон жеңіп алды, деп хабарлайды 24kz.

Ұлттық құрама мүшелері үшін бұл – тарихи жетістік. Әлемнің үздіктерін басып озған жас дарындарымызды жақындары әуежайдан сән-салтанатпен күтіп алды.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Астана әуежайында бүгін адам қарасы қалың. Олар Франциядан келе жатқан жеңімпаз жастарды күтіп тұр. Лионда өткен 47-ші WorldSkills халықаралық чемпионатында құрама қоржынына 7 медальон түсті. Үздіктер қатарында шымкенттік студент Әйгерім Досова да бар. Ол «Сән технологиясы» номинациясы бойынша ел намысын қорғады.

Әйгерім Досова, Worldskills халықаралық чемпионатының жүлдегері:

- 26 мемлекет қатысты. Бұл дегеніміз бүкіл WorldSkills тарихындағы ең көп мемлекеттер осы Францияда жиналды. Үздік Қытай, Сингапур, Жапония мемлекеттері. Мен мақтана алам. Әрине, Қытай мемлекеті бірінші орындарды алды. Бірақ бір мақтана алатыным, Сингапур мен Жапонияны озып шықтым.

Жарысқа 69 елден мың жарымға жуық колледж студенті келген. Ал Қазақстаннан 32 қатысушы және 30 халықаралық сарапшы барды. Жалпыкомандалық есепте еліміз жақсы нәтиже көрсетті

Ақзира Қасымова, Техникалық және кәсіптік білім департаменті басшысының орынбасары:

- Еліміз 2014 жылдан бастап WorldSkills International қозғалысының мүшесі болса, 2016 жылдан бастап EuroSkills қозғалысының мүшесі болып келе жатыр. Содан бері міне, тоғызыншы рет біздің балаларымыз қатысуда. Ең алғашқыда бес қана компетенциядан қатыссақ, қазіргі таңда 30 компетенцияға дейін ұлғайды.

WorldSkills International – 25 жасқа дейінгі жас мамандардың кәсіби дағдыларын анықтауға және дамытуға бағытталған ірі халықаралық жарыс. Былтыр Қазақстан құрамасы Гданьск қаласында өткен EuroSkills чемпионатында алғаш рет 2 медаль және 4 медальон жеңіп алды.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Айбек Ақшолақов