Оқушылар жер сілкінісі туралы жедел хабар беретін қосымша жасады

Алматылық оқушылар жер сілкінісі туралы жедел хабар беретін мобильді қосымша жасады.

Мұндай бағытта зерттеумен айналысуға қаңтар айындағы дүмпу себеп болыпты. Сол кезде смс-ақпарат әркімге әртүрлі уақытта жеткен еді. Қазір жас өнертапқыштардың жаңа жүйесі сынақтан өтіп жатыр. 

Дәриға мен Мәрия Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сыныбында оқиды. Олардың Tecto қосымшасы 38 сейсмикалық станция және спутник желісіне қосылған. Міне сол станциялар сейсмикалық толқындар туралы мәліметті жинап, арнайы формуланың көмегімен магнитудасын есептеп, бірден базаға жібереді. Мобильді қосымша ақпаратты жылдам сараптап, санаулы секундта смартфон иелеріне жер сілкінісі жайлы push-хабарлама таратады. 

Дәриға Нұрқаш, 12-сынып оқушысы:
- Жер сілкінісі туралы хабар беру жылдамдығы эпицентрдің қашықтығына байланысты. Мысалы эпицентр жақын болса, алдын ала хабар беру уақыты да аз болады. Яғни сейсмостанциядан 200 шақырым жерде дүмпу болса, қолданушыға 40 секундта хабар беріледі. Жалпы 10 секундтан 3 минут аралығында ерте хабар тарата алады.

Әзірге мобильді қосымша сынақтап өтіп жатыр. Оған 50 смартфон қосылған. Жас өнертапқыштар Орталық Азиядағы бұрынғы жер сілкіністері туралы мәліметтерді де кеңінен зерттеуде.   

Мәрия Отарбаева, 12-сынып оқушысы:
- Біз жер сілкіністерінің тарихы жинақталған нейронды жүйе жасаймыз. Ол ескі дүмпулерді зерттеп, болашаққа 70 пайыз болжам жасай алады. Ол үшін сейсмостаницялардың жер сілкінісі туралы толық мәліметі де есептеледі. Әзірге нейронды жүйені жаттықтырып жатырмыз.

Өнертапқыштардың таланты мен талабына Сейсмикалық институт мамандары қызығушылық танытып, ғылыми қолдау көрсеткен. Жер сілкінісі туралы хабар тарататын қосымша жыл соңына қарай Android және IOS жүйесіне енгізілмек. Оған мектеп ұжымы қолдау көрсетеміз деп отыр.

Маслихат Зәмірбекқызы, химия, биология бағытындағы НЗМ директоры:
- Бізде 11-12 сыныптарда жаһандық перспективалар және жобалар жұмысы деген пән бар. Бұл пәннің ерекшелігі – осындай әртүрлі мәселелері туындайтын пәндердің негізінде балалар өздерінің жобаларын алып шыға алады. Яғни біздің оқушыларға мектептегі білімнің өзі де жеткілікті болғандығын көрсете алады деп ойлаймын. 

Оқушылар бұл ізденістерін әлі де жалғастыра бермекші. Олар Жапониядағы халықаралық серіктестік агенттігімен байланыс орнатқан. Күншығыс елінің ғалымдары да жер сілкінісін нейронды жүйе арқылы болжауды зерттеп жатыр екен.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев