Шымкенттік ғалымдар АЭС салудағы жасанды интеллектінің тиімділігін айтты
Шымкенттік ғалымдар елдегі энергетикалық секторды қарқынды технологиядан «ақылдыға» көшіруді ұсынды, деп хабарлайды 24kz.
Атом электр станциясын салудағы шетелдік тәжірибелерге талдау жүргізген мамандар жасанды интеллектінің де тиімділігін тарқатты. Айтуларынша, электр энергиясы өндірісін озық технологиялармен автоматтандыру арқылы оперативті жүктеме азайып, болжамды апаттардың алдын алуға болады. Сонымен қатар жасанды интеллектінің көмегімен дер кезінде шешім шығаруға мүмкіндік туады. Алқалы жиынға профессорлық оқытушы құрам, энергетиктер, докторанттар мен магистранттар қатысты. Олар ядролық реактордың қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығы туралы да әңгіме қозғады.
Нұрсұлтан Файз, «Энергетика және дәстүрлі емес энергетикалық жүйелер» кафедрасының доценті:
- Қазіргі кезде жасанды интелектіні дамыту мәселесі, интеллектуалды технологияларды қолдану алдыңғы шепте тұрғанын сіздер жақсы білесіздер. Сондықтан біздің мемлекетіміз ел ретінде атом электр станциясын салу мәселесінде өзін айқындайтын болса, бұл мәселені қолға алған жөн деп есептейміз.