Ақмола облысында кәсіптік-техникалық мамандар жетіспейді

Аймақтың зауыт-фабрикаларына инженер-механиктерден бастап оператор, машинист секілді кәсіп иелері қажет. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі  елімізде жұмысшы мамандарының тапшылығын айтып, тиісті органдарға бұл мәселені шешуді тапсырған болатын. Қазір өңірде осы бағытта қандай шаралар атқарылып жатыр?

Степногорск қаласындағы жылу электр станциясында 400-ден астам адам жұмыс істейді. Бірақ жылыту орталығына әлі 120 маман қажет. Қазір мұнда кадр мәлесін шешу мақсатында мамандарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары артқан.

Валерий Донцов, Степногорск ЖЭС директоры:

- Қызметкерлерге қажетті  бар жағдайды жасалады. Яғни жалақыларын орташа есеппен 380 мың теңгеге көтердік. Тегін тамақтандырамыз. 

Мұндай жағдай облыс орталығындағы бірнеше өндіріс ошағына тән. Мәселен, қаладағы комбайн құрастыру зауытына да жұмысшылар керек. Маман тапшылығын жою үшін  кәсіпорын білім басқармасымен бірлесе жұмыс жасауға көшкен.

Олег Балыбин, зауыт директоры:

- Иә, біз қаладағы бірқатар оқу орындарымен тығыз байланыстамыз. Студенттер дуалды оқу форматында бізде практика өтеді. Тіпті біз оқу бітіруші түлектердің емтихандарына да қатысып, жұмысқа шақырамыз. Бірақ олармен келісімшартқа отырмаймыз. Жұмыс ұнамаса, қиын болса кез келген уақытта шыға алады.

Жұмыс берушілер мен оқу орындары арасындағы байланыс жыл өткен сайын нығайып келе жатыр. Тіпті қазір студенттер тәжірбиесін өндіріс ошақтарында шыңдай алады. Максим Брагинец облыс орталығындағы  колледждің бірінде білім алады. Мамандығы - дәнекерлеуші. Ол болашақта өз кәсібін ашып, білікті маман иесі атануды армандайды.

Максим Брагинец, студент:

- Теориядан қарағанда практикалық сабақтар көп. Бір-екі апта осы шеберханада шыңдаламыз. Кейін қаладағы зауыттарға жібереді. Алдағы уақытта өзімнің дәнекерлеуші цехымды ашқым келеді. 

Алпысбай Омаров, колледж директорының орынбасары:

- Президент соңғы жолдауында білім саласын реформалауды тапсырды. Яғни осы арқылы еңбек нарығына қажетті мамандарды анықтай аламыз. Біз осыған байланысты жергілікті өндіріс ошақтарынның тізімін жасап, сұранысқа ие қызметкерлерді дайындап шығарамыз. Қазір жергілікті 65 кәсіпорынмен ынтымақтық меморандумға қол қойылды.

Қазір аймақтағы 20 шақты колледжде 7 жарым мыңнан астам студент  техникалық мамандықтарды меңгеріп жатыр. Бұдан бөлек облыс орталығындағы университет бір жарым мың маман даярлайды. Бұл да өз кезегінде өңірдегі кадр тапшылығын шешуге ықпал етеді.

Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко