Арқалықта жайлы мектеп салынып жатыр

Қостанай облысында жыл соңына дейін 4 мың оқушыға арналған алты мектеп ашылады.

Жаңа нысандар білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен және "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында қолданысқа беріледі. Сондай оқу ошағының бірі Арқалық қаласында салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарының аяқалысы қалай?

Бұл Арқалықта соңғы 30 жылда салынып жатқан алғашқы мектеп. Құрылысы көктемде басталған оқу ошағының жалпы аумағы 5 жарым мың шаршы метр. Кластар мен зертханалар заманауи қондырғылармен жабдықталады. Басқа мектептерден айырмашылығы әр сынып оқушыларына жеке кіріберіс қарастырылған.

Жантөре Бекжанов, мердігер ұйым өкілі:

- Аяқталуға аз қалды. Әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Терезелер қойылды. Құбырлар жалғанып тұр. Жобаның бағасы 3,5 миллиардтың шамасында. 

Жайлы мектеп 300 балаға арналған. Нысан пайдалануға берілген жағдайда қаладағы басқа мектептердің жүктемесі азаяды, дейді сала мамандары.

Есламбек Мәметеков, Арқалық қаласы білім бөлімінің басшысы:

- Бала санының көбеюіне байланысты кейбір мектептерде орын жетпей жатыр. Ол бірінші мектепте, төртінші мектепте, бастауыш гимназияда Ахмет Байтұрсынов атындағы. «Жайлы мектеп» қай ауданға жақын, қай үйге жақын сол мектептің балаларын сол мектепке жақын тұрған үйлердің балаларын қамтимыз бірінші кезекте. 

Қазір мектептегі құрылыс жұмыстары қарқын алған. Осыған сәйкес бір айға ерте қолданысқа берілуі мүмкін. Яғни қараша айының басында жаңа білім беру мекемесі оқушыларға есігін ашады деп жоспарланып отыр. 

Абзал Балтабаев, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг