Түркістан облысындағы төрт мектепте жөндеу жұмысы бітпей тұр
Түркістан облысының Төлеби ауданында 4 мектептің ағымдағы жөндеуі кестеден кешігіп жатыр.
Қазір бұл мектептердің оқушылары бірнеше ауысыммен оқуға мәжбүр. Құрылысы кешіккен 4 мектептің де жөндеуін бір құрылыс компаниясы мемлекеттік тапсырыс аясында жеңіп алған. Келісімшарт бойынша жұмыс биыл 1 қыркүйекте аяқталуға тиіс болатын.
Бастауыш сынып оқушылары білім алатын Бірінші мамыр ауылындағы мына мектепте құрылыс жұмыстары баяу жүріп жатыр. Бірді-екілі жұмысшыдан басқа адам жоқ. Жауапты мамандар төбе көрсетпеді. Сылбыр тірлікке қарап, жұмыс жақын арада бітеді деу қиын. Оған білім ошағының башылары да сенбейді. Сондықтан олар мектептегі конференция залы мен психологтар бөлмесін жасақтап сыныпқа айналдырған.
Жанар Арзымбетова, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- Өлкетану кабинетіне ескі парталарды қойып бердік. Ал даярлық тобындағы ауысымдар үшін сол жерде оқитын оқушыларды бірінші ауысымға шығарып, екінші ауысымда оқытып жатырмыз.
Мамандар ағымдағы жөндеу жұмыстарының кешеуілдеуі тек оқушыларға ғана емес, 1800 бала оқитын мектептің білім жүйесіне де айтарлықтай кері әсерін тигізіп отырғанын айтады. Себебі ерекше оқытуды қажет ететін балалардың сабағы қалыпты сынып сағатына сай келмейді.
Бекжан Баймұсаев, мектеп директоры:
- Бізде ерекше білім беретін 7 сынып бар. Олар жеке оқуы керек, жеке ғимараты болуы керек. Соған қарамай сол жақтағы басқа корпустарға оқушыларды сыйғызып, білім берудеміз.
Жөндеу жұмыстарын кешіктіріп жатқан құрылыс компаниясына аудандық білім бөлімі тарапынан бірнеше хат жолданып, айыппұл да салынған. Бірақ нәтиже жоқ. Енді аудандық білім бөлімі келісімшарт талаптарын орындамаған мердігер мекемені жосықсыз жеткізушілер тізіміне енгізу үшін сотқа шағымданбақ.
Айбек Қыпшақов, Төлеби аудандық білім бөлімінің бас есепшісі:
- Бүгінгі таңда 1 млн 638 мың теңге айыппұл салынып отыр. Және әрі қарай да осындай жағдай болса, күнделікті айыппұл жүріп отырады. Келісімшарттың негіздері бар міндеттемелерді тиісінше орындамайтын болса, онда бұл мекемені жосықсыз деп тануға мәжбүр боламыз.
Айта кетейік, мектеп ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді ұтып алған “КазЭлитстрой” серіктестігі дәл осы аудандағы тағы үш мектептің сыртын темір жабындымен қаптау жұмыстарын да жеңіп алған. Бірақ олардың да жұмысы бітпей тұр. Мектептердегі бұл жағдаймен депутаттар да таныс. Енді олар тендерді төмен бағамен ұтып алып, жайбарақат жүргендердің жауапкершілігін облыстық мәслихатта қарамақ.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов