Қызылорда облысында бір әулеттен 27 мұғалім шыққан
Қызылорда облысы Жалағаш ауданында жалпы еңбек өтілі 438 жылды құрайтын ұстаздар династиясы бар.
Бүгінде Тұрғановтар отбасының үшінші буыны білім беру саласында қызмет істеп жүр. Бір әулеттен шыққан 27 мұғалімнің қарашаңырағында әріптесім Нұрлан Жақыпбеков болып қайтты.
Әулеттің ақылшысы – Жақсыбай ақсақал 82 жаста. Өзі де, жұбайы да саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған. Үш қыз бен жеті ұл тәрбиелеп, өсірген. Перзенттерінің барлығы дерлік мұғалімдікті таңдаса, тек бір қызы ғана дәрігер мамандығын меңгеріпті. «Жас кезімде бірнеше мәрте лауазымды қызметтер ұсынылды. Бірақ ұстаз деген ұлы қазметтен төмендегім келмеді», - дейді Жақсыбай Тұрғанов.
Жақсыбай Тұрғанов, білім саласының ардагері:
- Ұстаз деген ең ардақты ұғым және халыққа қызмет етесің. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға деп Абай бекер айтпаған. Ұлы абайдың сөзі қазіргі қоғамға дәл келіп тұр.
Педагогтар отбасының ұлы Қанат Тұрғанов 30 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келеді. Ол тарих пәнінің жоғарғы санатты мұғалімі.
Қанат Тұрғанов, Жақсыбай Тұрғановтың ұлы:
-Барлық шәкірттерім Қазақстанның түпкір-түпкірінде қызмет атқарып жатыр. Сондықтан осы мамандық таңдағаныма өкінбейтінімнің дәлелі әрі себебі деп білемін.
Жақсыбай Ақсақалдың қызы Гүлманат та ұзақ жылдар бойы ауыл балаларын білім нәрімен сусындатып келеді. «Әр үйдің еркесін оқытумен қатар, тәрбиелеу – басты міндетім»,-дейді ұстаз.
Гүлманат Тұрғанова, Жақсыбай Тұрғановтың қызы:
- Әрбір баланың келгендегі қас-қабағына қарап, соның жан жүрегіне үңіліп, жанынан жүрегінен жылу табуға тырысамын барынша.
Ұлағаттылық жолды ұрпақ сабақтастығына ұластырған керегелі шаңырақтың келіні, күйеу балалары, немерелері де білім саласынан алыстамаған. Бүгінге дейін бір әулеттен 27 мұғалім шыққан. Олардың жалпы еңбек өтілі 438 жыл.
Айман Абызова, Жақсыбай Тұрғановтың келіні:
- Баланы да өсірдік, мектепте де жұмыс істеп жатырмыз. Қазір мектепте барлық жағдай жасалып жатыр, мұғалім мәртебесі заңы да көтеріліп жатыр.
Гүлзат Жақсыбай, Жақсыбай Тұрғановтың немересі:
- Бастауышта мазмұндама жаздырған кезде «Кім боласың?» деген тақырып келетін. Мен бірден ойланбастан, мен өскенде мұғалім боламын дейтінмін.
Адамзат алдындағы ең жауапты жұмыстың жүгін арқалау оңай емес. «Біз елдің ертеңін тәрбиелеп жатқанымызды терең түсінеміз»,-дейді ұлағатты жандар.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбат Байділдаев