Жақын күндері қазақстандықтар ATLAS құйрықты жұлдызын көре алады
Жақын күндері ел тұрғындары сирек кездесетін астрономиялық құбылысты көре алады, деп хабарлайды 24kz.
Былтыр Қытай астрофизиктері ATLAS құйрықты жұлдызының күнге жақындап келе жатқанын анықтаған. Жақындаған сайын жарқырай түскен құйрықты жұлдызды түнде айқын көруге болады. Кеңістіктегі құбылысты қашан және қалай тамашалауға болатынын отандық астрофизиктер айтып берді.
ATLAS құйрықты жұлдызын алғаш рет Қытайдың Нанкин қаласында орналасқан обсерватория ғалымдары байқаған. Әу баста кеңістіктегі астероидтардың бірі деп ойлаған. Мұқият бақылағаннан кейін құйрықты жұлдыз екеніне көз жеткізіпті. ATLAS күнге қарай жылдам қозғалып барады және артынан күл ұшқындары қалуда. Қазір жұлдыздың құйрығы ұзарып, 2,5 градусқа жеткен. Астрофизик Светлана Мошкинаның айтуынша, құйрықты жұлдыз көзбен көретіндей жақындай түскен.
Cветлана Мошкина, В.Фесенков атындағы астрофизика институтының ғылыми қызметкері:
- Алматы тұрғындары құйрықты жұлдызды 9-10 қазан күні күн батқаннан кейін байқай алады. Күн батып ымырт үйіріле бастаған кезде аспан ашық болса, жарқыраған сызықты байқауға болады. Ол жұлдыздың құйрығы ATLAS-тың өзі бірнеше күннен кейін көрінеді.
Алайда құйрықты жұлдызды тамашалауға ауа райы кедергі болуы мүмкін. Себебі ел аумағына солтүстік атлантикалық циклон бағыт алған. 11 қазан күні аспан бұлтты болады. Ауа райы тек 14 қазанда ашылады деген болжам бар. Светлана Мошкинаның айтуынша, ATLAS құйрықты жұлдызын Батыс Қазақстан тұрғындары анық көре алады.
Cветлана Мошкина, В.Фесенков атындағы астрофизика институтының ғылыми қызметкері:
- «Қазгидрометтің» мәліметінше, еліміздің батысындағы Атырау, Орал өңіріне циклон әсер етпейді. Сондықтан батыстықтар таңағажайып құбылысты бақылай алады. Оған қоса, теңіздің жағасында аспан ашық, жер тегіс болғандықтан жақсы көрінеді.
12 қазан күні аталған комета жерге барынша жақын болады. Нақтырақ айтсақ, қашықтық жарты астрономиялық бірлікке тең немесе 70 млн шақырым. Әрмен қарай ATLAS күннен алыстаған сайын сәулесі да сөне бастайды. 24 қазаннан кейін құйрықты жұлдызды телескоп арқылы ғана көруге болады. Ең қызығы, ATLAS құйрықты жұлдызы қайтып оралмайды. Біздің ғаламшардан алыстай береді екен.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев