Көкшетаудағы мектептерде «Жас сақшы» сыныбы ашылды
Көкшетау қаласындағы 3 мектепте полиция сыныбы ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Оған 24 оқушы қабылданды. Енді олар полиция қызметкерінен дәріс алып, ішкі істер саласының жұмысымен жақынырақ танысады. Бұл бастаманың мақсаты қандай? Полицейлердің көздегені не?
Бұл балғындардың бәрі болашағын ішкі істер саласымен байланыстырмақ. Әскери форма киген жас сақшылар алдымен сапқа тұрып, ант берді. Кейін оларға полиция қызметкерлері қызметтік куәліктер табыстады.
Әдина Жанғали, оқушы:
- Маған әскери форма киген ұнайды. Болашақта осы салада қызмет еткім келеді. Сондықтан осы бастан білімімді шыңдап, озат оқушы боламын деп ойлаймын.
Тәртіп сақшылары алдымен оқушыларға теориялық білім береді. Кейін оны практикалық тұрғыда ұштастырады. Яғни, патрульдік көлікке отырып, дыбыстық және жарықпен белгі беру құрылғыларын басқарды. Әкімшілік хаттамалар толтыруды үйренеді.
Әлібек Оспан, оқушы:
- Мен болашақта полиция қызметкері болғым келеді. Мен Қазақстан Республикасының тәртібімен Қарулы Күштеріне үлес қосқым келеді.
Полиция департаменті жүзеге асырған бірегей жоба өңірдегі кадр тапшылығын шешуге ықпал етеді. Қазір аймақта 300-ге тарта полиция қызметкері жетіспейді. Сондықтан сала мамандары оқушылардың қызығушылығын осы бастан оятқысы келеді. Ал мектепті аяқтағасын жоғары оқу орындарына жібереді.
Ғалымжан Садықов, облыстық ПД басқарма бастығы:
- 4 оқу орны бар жоғары. Солардың бәріне біз биылдыққа оқуға түсуге 34 үміткерді жібердік. Солардың 24-і оқуға түсіп, нақты емтихандардың тапсырып, оқуға түсті. Сонымен қатар биыл осы жоғары оқу орындарынан өзіміздің ішкі істер министрлігіне 24 курсант бітіріп келіп, өз лауазымдарына тағайындалды. Олар тергеушілер мен жедел криминалистер мамандығы бойынша.
Бұдан бөлек, биыл 250 үміткер екі айлық алғашқы дайындықтан өтіп, полиция қызметкерлері қатарына қосылды.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко.