Беделді олимпиадада жүлде алған оқушыларға ₸5,5 млн сыйақы беріледі
Әлемдегі ең беделді білім бәйгелерін бағындырған қазақстандық оқушыларға мемлекет тарапынан 5,5 млн теңгеге дейін сыйақы берілуде, деп хабарлайды 24kz.
Биыл 26 жасөспірім дәл осындай қолдауға ие болған. Сонымен қатар оларды жарысқа дайындаған педагогтар да сый-сыяпатсыз қалмайды. Сала басшылары осылай жастардың білім-ғылымға деген қызығушылығын арттырмақшы.
Әмір биыл Иранда өткен халықаралық физика олимпиадасында сынға түсті. Додаға 46 мемлекеттен білімпаздар жиналған. Қазақстандық оқушы жоғары қарым-қабілетін байқатып, екінші орын иеленді. Елге жүлделі оралған жасөспірімге мемлекет есебінен қаржылай қолдау көрсетіліп отыр.
Әмір Пішенбаев, халықаралық пән олимпиадасының жүлдегері:
- Осы олимпиададан кейін маған мемлекет 1000 МРП берді сыйақы ретінде. Ақшаның көбісін анаға бердім. Сосын бір бөлігін болашаққа қалдырдым. Физиканы одан да жақсы оқып, алтын медальға тырысамын.
Әмірдің ұстазы Жақсылық Ақынұлының да еңбегі ескерусіз қалмады. Оған да бірреттік төлем берілген. Педагогтың өзі оқушы кезінде халықаралық олимпиадаға қатысып, алтын еншілеген. Айтуынша, сол жылдар мен қазіргі кездегі қолдау шараларының айырмасы жер мен көктей.
Жақсылық Ақынұлы, физика пәнінің мұғалімі:
- Қазіргідей үлкен сыйақы және гранттар бермейтін еді ол кезде. Енді бай кісілер, меценаттар да оқушыларымызға өз қолдауларын көрсетсе. Ең болмаса, велосипед мінгізсе, тай мінгізсе, жақсы болар еді.
Бірреттік сыйақы әлемдегі ең беделді 7 білім бәйгесінің жүлдегерлеріне ғана арналған. Сандарды сөйлетсек, оқушылар үшін 500-ден 1500-ге дейінгі АЕК мөлшерінде қаражат беріледі. Ал олардың ұстаздарына базалық лауазымдық жалақының 8 жарымнан 26 жарымға дейін еселенген мөлшерінде төлем тағайындалады.
Ажар Рахлетова, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы:
- 2022 жылдан бастап ҚР Президентінің тікелей тапсырмасы бойынша халықаралық олимпиададан орын алған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бірреттік сыйақы қарастырылған. Биыл 26 жеңімпазымыз және 24 педагогымыз марапатталды. Оқушыларға 77,5 млн теңге көлемінде сыйақы берілді. Педагогтарға 6,5 млн жуық ақшалай сыйақы берілді. Былтыр 23 оқушымыз және 20 педагогымыз марапатталған болатын.
Сонымен қатар халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарының гранттары қарастырылады. Биыл 6 түлек осындай қолдауға ие болған.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ержан Рахманбердиев