Tech Orda бағдарламасы аясында 6000-нан аса IT маманы даярланды
ІТ саласындағы білімін жетілдіріп, жаңа мамандық игергісі келетіндердің саны атты, деп хабарлайды 24kz. Тегін гранттар ұсынатын Tech Orda бағдарламасына биыл 35 мыңнан аса өтінім түскен.
Бұл былтырғыдан екі есе көп. 2023 жылы арнайы курстардан өтуге 18 мың адам өтініш қалдырған еді. Жалпы үш жыл бұрын ашылған бағдарлама аясында 6 мыңнан аса ІТ маман даярланыпты. Оқыту процесіне кімдер жауапты? Еңбек нарығына қажетті мамандар қалай даярланады?
Бақыт Топтаева, тілші:
- Әлішер Баткулин – Tech Orda бағдарламасының түлегі. Компьютерлік инженерия мамандығын игерген ол көптен бері қызығып жүрген IT саласына бет бұрды. Былтыр тегін гранттар бөлінетінін естіп, киберқауіпсіздік курсына қатысуға өтініш білдірген. Сөйтіп, екі кезеңнен тұратын емтихан тапсырып, 9 айлық тегін оқуға ілігеді.
Әлішер Баткулин, Tech Orda бағдарламасының түлегі:
- ІТ саласында мен сияқты өздігінен ізденіп, оқитындар көп. Бірақ кей нәрсені дұрыс түсінбей, қиналған соң онысын тастап кететіндер болады. Мен осы бағдарламаның көмегімен тереңдетілген курстан өтіп қана қоймай, өз ортамды таптым. Кей тапсырманы орындауға қиналсам маған көмектесетіндер бар, кейде мен жол сілтеймін. Оның үстіне киберқауіпсіздіктің кәсіби мамандарымен байланыс орнаттық. Мен үшін Tech Orda жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
Әлішер қазір жоғары оқу орнында дәріс беріп жүр. Қосымша алған білімі бойынша да сабақ беретіндей дәрежеге жеткен. Айта кетерлігі, оны оқуға қабылдаған мектеп әу баста киберқауіпсіздікке ден қойған стартап еді. Киберқауіпсіздік мамандарын даярлайтын курстар жоқтың қасы. Сондықтан стартап Астана хаб жариялаған байқауға қатысып, бірден 79 студентті оқытуға квота алады. Мектептегі басты ерекшелік – практикалық зертхана жұмыстарының көптігінде. Атап айтқанда, киберполигонда жаттығу мүмкіндігі берілген.
Данияр Қасенов, Киберқауіпсіздік негіздерін оқытатын мектеп басшысы:
- Киберполигон дегеніміз – летчиктерді мысалы қалай дайындайды? Олар симуляторлармен дайындалады ғой? Сол сияқты аналогия сондай біздің. Біздің платформаға олар кіріп, киберқауіпсіздікті қалай үйренеді? Практика жөнінде симуляторлар жіберіледі, сол симулятордағы атакалар, защита дейді ғой –соның бәрін қолмен өздері ұстап көре алады. Сондықтан 70% материал практика.
Данияр басқаратын мектеп биыл да студенттерді онлайн форматта оқытып жатыр. Тіпті Тәжікстанның 25 маманын даярлау сеніп тапсырылды. Жалпы елде Tech Orda бағдарламасы аясында 79 ІТ мектеп пен 1 компания мамандардың даярлығымен айналысады.
Аружан Дүйсенбекова, TECH Orda бағдарламасы әкімшілігінің өкілі:
- Мектептер келесі бағыттар бойынша курстарды ұсынады. Мысалы жасанды интеллект, IOT, мобильді қосымшаларды жасау, және де өзекті биг дата, имдеф сияқты курстарын қамтиды. Статистикаға сәйкес түлектердің 88%-і жұмыс істеп жатыр және де олардың орташа жалақысы 500 мың теңгені құрайды. Атап кетсек, осы Tech Orda бағдарламасының түлектері «Эйр Астана», KPMG, «Колеса», «Халық», «Фридом финанс» және тағы да басқа компанияларды жұмыс істеп жүр.
Мемлекет басшысы кемінде еңбек нарығына қажет 100 мың IT маманын даярлауды тапсырған еді. Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 20 мың адамды тегін оқыту мақсатында 2021 жылы осы бағдарламаны іске қосқан еді. Биыл бағдарлама аясында 2465 грант бөлінген. Оған қоса, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен мектеп мұғалімдерінің біліктілігін көтеруге 1000 грант берілді.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Диас Қобланбаев