Жеке мектептерде оқитын әлеуметтік осал топтағы оқушыларға көмек беріледі
Бүгінде мемлекеттік мектептерде халықтың әлеуметтік осал топтары санатына кіретін 500 мыңнан астам бала білім алады. Жалпыға міндетті білім беру шеңберінде оқушыларды тегін тамақтандыру, оларға киім-кешек және басқа да керек-жарақ ұсыну түрінде көмек көрсетіледі. Алайда жекеменшік мектептерде оқитын 25 мыңнан астам бала қазір әлеуметтік көмек ала алмай отыр.
Осыған байланысты меншік нысанына қарамастан әлеуметтік осал топтағы барлық балаға теңдей көмек көрсету мақсатында жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтіліп жатыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру кезінде айтты. Құжатты депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады.
Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
- Бұдан бұрын неге бұл норма енгізілмеді немесе жекеменшік мектептерде әлеуметтік осал топтың балалары оқи ма деген сұрақтар туындап жатыр. Бұған айтарымыз, жеке мектептердің желісі соңғы жылдары өте жедел дамып жатыр. Бізде 700-ден аса жеке мектеп болса, соның 374-і тек мемлекеттің тапсырысы негізінде ғана, яғни ата-анадан қосымша ақы алмай, білім беретін ұйымдар болып табылады.