Қазақстанның кез келген азаматы IT мамандығын тегін меңгере алады

Бұдан былай кез келген қазақстандық АйТи маманы атана алады.

Astana Hub халықаралық технопаркі елдегі Tomorrow School (Тумороу Скулл) жасанды интеллект мектебінде тегін оқу мүмкіндігін ұсынады. Бірінші лек өткен айдың соңында анықталды. Енді екінші кезеңге өтінім қабылдау мерзімі 11 қарашаға дейін жалғасады. Жасы 18-ден асқан әр азамат қатысу мүмкіндігіне ие.

Tomorow School жасанды интеллект мектебіне өтінім қабылдаудың бірінші легінде оқуға 3 мыңға жуық өтініш түскен. Оның ішінде 120 адам негізгі бағдарламаға үздік студенттерді іріктеуге мүмкіндік беретін "бассейн" атты 4 апталық қарқынды оқу кезеңіне сәтті өтті. Ресми сайтындағы ереже бойынша әу баста әр қатысушыға екі түрлі бейне-ойын ұсынылады. Жоғары ұпай жинаған ойыншының "бассейн" кезеңіне топ ете қалу мүмкіндігі артады. Осылайша, логикалық ойындар арқылы әр үміткердің есте сақтау қабілеті тексеріледі. 

Әсел Мизамқызы, Astana Hub халықаралық технопаркінің бас менеджері:

- Бассейнге, бассеин деген бірінші кезең. Яғни алдын ала бірнеше апта олар дайындықтан өтеді. Соның ішінен мықтылары іріктеліп, мектепте оқитын болады. Офлайн форматта өтеді. Бұл Астана Хаб іске қосылған Қазақстандағы ең алғашқы жасанды интеллект өздеріңіз білесіздер. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ-ді жалпы қоғам кең көлемде пайдалануы тиіс деген. Өйткені бұл болашақтың технологиясы.

Үміткерлер бағдарламалаудың қыр-сырымен танысып, ары қарай оқуын жалғастыру үшін өз мүмкіндіктерін бағалайды. "Бассейн" кезеңі аяқталған соң, қатысушылардың үштен бірі ғана іріктеледі. Артынша 18 айға созылатын негізгі дайындыққа кіріседі. Курс аясында студенттер 50-ден астам жобаны жүзеге асырып, Golang, Rust, JavaScript және Python сияқты 20-дан астам бағдарламалау тілдерін меңгереді. 

Әсел Мизамқызы, Astana Hub халықаралық технопаркінің бас менеджері:

-  Жасанды интеллектке оқу өздеріңіз білесіз жекеменшік мектептерде бағасы өте қымбат. Бірақ Астана Хабтың басты міндеттерінің бірі экожүйені дамыту, соның ішінде жасанды интеллект бойынша халықтың сауаттылығын арттыру болғандықтан Астана Хаб осындай үлкен жобаны іске қосып жатыр. Бүкіл шығынын өз мойнына алды.

Қатысушылар алдын ала бағдарламалау тәжірибесін қажет етпейтін тең дәрежелі жүйеге негізделген 01 Edu платформасында оқиды. Яғни ешқандай мұғалім болмайды. Орындауға міндетті тапсырмалар берілмейді. Студенттер Astana Hub технопаркінің кампусында тәулігіне 24 сағат бойы икемді кестеге сәйкес білім алады. Өзара тәжірибе алмасады. AI инженері, бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуші, толық стек әзірлеушісі сияқты бірқатар мамандықты таңдауға құқылы. Ал "бассейн" кезеңінде жоғары нәтиже көрсеткен бірақ елордада тұрмайтын студенттерге Астанада жеңілдікпен уақытша баспана беріледі.

Мирлан Алтынбек, Альмира Оразбай, Досхан Қораз