Алматылық оқушы тері ауруын анықтайтын жоба ұсынды
Алматылық оқушы жасанды интеллект арқылы тері ауруын анықтайтын ғылыми жоба ұсынды, деп хабарлайды 24KZ. Ол зақымданған тері суреттері арқылы маймыл шешегі вирусын табуға болатынын көрсетті. Тәжірибелік модельдің ауруды анықтау дәлдігі – 95%.
Медицина саласында жасанды интеллектіні қолдану деңгейі күннен-күнге артып келеді. Қазірдің өзінде дамыған елдерде рентген, МРТ бейнелерін жасанды интеллектінің көмегімен талдау түрлі онкологиялық ауруларды дәл анықтауға жол ашып отыр. Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Артем Лаврентьев өзінің ғылыми жобасында жасанды сананы тері ауруларының суреттерін талдауға және маймыл шешегі ауруын анықтауға бейімдеді.
Артем Лаврентьев, оқушы:
- Модель қолданыстағы VGG 16 нейрондық желісінің негізінде жасалды, модельдің кескінді тану қасиеттері дамытылып, бейімделді. Бұл тері фотосуреттерінен ауруларды дәл анықтауға мүмкіндік берді. Тестілеу барысында нейрожүйенің суреттерді жай ғана жаттап алмай, анықтау үшін үлкейту қолданылды. Мұның бәрі оның өзектілігін көрсетті.
Тәжірибелік үлгінің көмегімен маймыл шешегі, желшешек, қызылша, сондай-ақ сиыр шешегі және стоматит ауруларын бірнеше секундта анықтауға болады. Дәлдігі – 95%. «Жоба инфекциялық ауруды бастапқы кезеңінде диагностикалауға мүмкіндік береді әрі денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені азайтады», – дейді Артем. Зияткерлік мектеп оқушыларының бұдан өзге де бірнеше ғылыми жобасы бар.
Дәмір Еркімалиев, физика пәнінің мұғалімі:
- Жетінші сыныптар, төменгі сыныптардың өзі қазіргі таңда мейкблок деген робот құрастырады. Яғни, бұл жерде пультпен басқару арқылы, электр тоғын білесіз, өте электриктерге қауіпті. Сондықтан да бұл қауіпсіздікті сақтау үшін жасалып жатқан құрылғылар.
Оқушылар көбіне әлеуметтік жобаларға басымдық берген. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін баспалдаққа оңай мініп түсетін арба стартап жобалар қатарында екінші орынға ие болған. Сондай-ақ жер тербелісін сезетін өлшеуіштің демонұсқасы да дайын. «Жетілдірген соң мектебімізде қолданысқа енгіземіз», – дейді жас зерттеушілер. Ал Артем болса жобасын толық сынақтан өткізіп, болашақта кәдеге жаратуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев.