ҚазҰУ-да ерекше қажеттілігі бар студенттер үшін кедергісіз орта жасалады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ерекше қажеттілігі бар студенттер үшін кедергісіз орта құрылмақ, деп хабарлайды 24kz.
Пандустар, есту қабілеті нашар адамдарға арналған көрнекі ақпарат, арнайы оқу әдебиеттері жасақталады. Жоғары оқу орнында ерекше білімді қажет ететін 90 студент оқиды. Университет алдағы екі жылға арналған дамудың жол картасын қабылдады. Құжат инклюзивті қоғамдастық өкілдерімен бірге әзірленді. Енді білім беру бағдарламалары барлық студент үшін бірдей қолжетімді болады.
Білім ордасының ғимараттарының көпшілігі 50 жылдан астам бұрын салынған. Сондықтан мұнда мүмкіндігі шектеулі студенттердің қажеттілігі ескерілмеген. Пандустар да кейінірек пайда бола бастады. Оның өзінде тек ғылыми кітапхананың пандусы ғана соңғы стандарттарға сай келеді. Қолжетімді ортаны құру үшін жол картасын әзірленді.
Ғайния Тажина, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Инклюзивті орта» ҒТО директоры:
- Ғимараттардың көпшілігі ертеде салынған және олар талапқа сай келмейді. Тіпті ғимараттардың бәрінде жеделсаты жоқ. Жол картасы ерекше білім беруді қажет ететін барлық студенттерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Университетте ерекше қажеттілігі бар 90 студент білім алуда. Олардың қатарында бірінші және екінші топтағы көру, есту, тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Білім ордасында тиісті жағдай жасалмағандықтан бірнеше студент қашықтан оқуға мәжбүр.
Ғайния Тажина, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Инклюзивті орта» ҒТО директоры:
- Қашықтан оқитындар негізінен арбамен жүретіндер. Олар бес студент. Қалған денсаулығында кінәраты бар студенттер басқалармен бірге сабақтарға қатысады және тапсырмаларды орындайды.
Қоғамдық кеңес мүшесі Богдан Джепка Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта құруда жақсы өзгерістер бар деп атап өтті. Қала билігі инфрақұрылымдық жобаларды бақылау үшін қоғам белсенділерін тартуда. Оның айтуынша, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың тек 1% ғана жоғары білімі бар. Алайда болашақта бұл көрсеткіштің көбейетініне сенімді.
Богдан Джепка, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:
- Мен қазір оқуымды бітіріп жатырмын, жақында диплом аламын, мен де осы 1% ішіне кіремін. Университет барлығын қолжетімді етсе, бұл көрсеткіш артып, мүмкіндігі шектеулі жандардың білімі артып, әлеуметтік ортаға қосылып, ұйым жетекшілері болып, паралимпиадашыларымыз сияқты Қазақстанды халықаралық деңгейде танытады деп сенемін.
Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға дейін Қазақстандағы колледждер мен жоғары оқу орындарының 70% инклюзивті білім беруге жағдай жасауы тиіс.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев