Оралда 400 орындық мектеп пайдалануға берілді

Тәуелсіздік күні қарсаңында Оралда 400 орындық мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24kz.

Мұғалімдер мен оқушылар әлеуметтік маңызды нысан құрылысының аяқталуын 4 жыл күтті. Мектепті тапсыру мерзімі бірнеше рет шегерілген еді. Енді жүздеген оқушы үшінші тоқсанды жаңа мектепте жалғастырады.

№31 мектеп салтанатты шарамен ашылып, ресми түрде жұмысын бастады. Заманауи, жарық, әрі кең ғимаратты көпшілік ұзақ күтті. Құрылыс жұмыстары 4 жыл бұрын басталған еді. Осы уақыт аралығында жергілікті билік пен құрылыс мекемесі арасында келіспеушіліктер болған. Мәселе оң шешіліп, оқушылар жаңа мектептің партасына отыратын болды.

Даниил Бакиров, оқушы:

- Біз бұған дейін қашықта орналасқан мектепте барып жүрдік. Сыныптағы біраз оқушы басқа мектептерге ауысып кетті. Маған мектеп ғимараты өте ұнады.

Карима Бөлекбаева, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Орал қаласында дәл осындай мектеп бұрын болмаған шығар. 4 жыл бойы жақсы білім беруге тырыстық, енді жаңа ғимаратта білім сапасы одан сайын артады деп ойлаймын.

Ғимаратта 36 оқу кабинеті, қосымша білім беретін шеберханалар, тіпті лазерлік тир де қарастырылған. Кең акт және спорт залдары бар. Облыс басшысы Нариман Төреғалиевтің айтуынша, соңғы екі жылда өңірде осындай 22 мектеп ел игілігіне тапсырылса, 7 мектепке күрделі жөндеу жасалған.

Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Жаһандану заманында ұлттың бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенері сөзсіз. Бұл 400 орындық білім ордасы заманауи құралдармен және технологиялармен жабдықталған. Сапалы білім беру мақсатында жасалған игі істер өз нәтижесін беріп, балаларымыз білім нәрімен сусындап, ақылды, отансүйгіш болады деп сенемін.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірде «Жайлы мектеп» жобасы сәтті жүзеге асуда. Келесі жылы бұл бағдарламамен 6 мектеп қолданысқа беріледі.