Тәуелсіздік күні қарсаңында жас ғалымдарға баспана берілді
Тәуелсіздік күні қарсаңында 10 қазақстандық жас ғалым баспаналы болды, деп хабарлайды 24KZ. Білім, ғылым, әдебиет пен мәдениет, өнеркәсіп сынды түрлі сала тұтқасын ұстап жүрген таңдаулыларға пәтер сертификаттары табысталды. Алатаудың баурайынан шаңырақ алып шаттанғандардың қуанышымен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бөлісті. Қос мерекемен құттықтап, қажырлы еңбектеріне табыс тіледі.
Жалпы мұндай қолдау шарасы Мемлекет басшысы тапсырмасымен қолға алынып отыр. Бастамаға бұл жолы 300-ден аса жас өтінім берген. Үйлі болғандардың еңбек өтілі, халықаралық дәрежедегі зерттеу жұмыстары мен арнайы еңбектері ескерілді.
Ақмарал Құлмұханбетова, жас ғалым:
- Өте қуаныштымыз. Ойламаған жерден бізге бүгін шақырып, «үй табыстаймыз», – деді. Жас ғалымдарды осылай көтермелеп, жасап жатқан еңбегімізді елеп, Президентіміздің қолдауымен жас ғалымдарды, ғылымға қосқан еңбегімізді елеп, бізге сый-сияпат беріп жатыр екен.