Ақтаулық оқушылар мал бағатын дрон құрастырды
Ақтаулық оқушылар мал бағатын дрон құрастырды.
Қашықтан басқарылатын ұшу құрылғысы өрістегі малды әуеден бақылап қана қоймай, ультрадыбыс арқылы бағыт-бағдар береді. ІТ-жоба авторлары ерекше дронның малшыларға сенімді көмекші боларына сенімді. Ұшу кезінде өзін- өзі қуаттайтын мүмкіндігі бар технология қазір сынақтан өтіп жатыр.
Дронды Мадина мен Артем ойлап тапты. Оқушылар қазір ұшу құрылғысын сынақтан өткізуде. «Кью Агро» деп аталатын ІТ-технология өрістегі малды қашықтан бақылайды. Отардан қалып қойған түлікке ультрадыбыс арқылы белгі беріп, қораға қарай бағыттайды. Ұшу кезінде әуе винті айналымынан пайда болған энергия аккумуляторға жиналады. Осылайша, дрон өзін-өзі қуаттандыра алады.
Мадина Абдулла, жоба авторы:
- Жылына 8 мыңға жуық мал басы жоғалады. Және соны іздеуге шыққан шыққан шопандар да жоғалу қаупінде тұрады. Қазіргі таңда Қазақстанның ауыл шаруашылығының 15 пайызы ғана цифрландырылған. Ал басқа мемлекеттерде бұл пайыз 50-82 ге дейін барады. Осы біздің жобасыз мәселені шешу үшін арналған. Бір кәсіпкермен бірлесе отырып, сынамалардан өткіздік. Және нарыққа шығаратындай өнімді жетілдірудеміз.
Оқушылар тоғыз ай бойы тынымсыз еңбектенген. Алғашқы нұсқасын әзірлеуге 80 мың теңгедей қаржы жұмсаған. Дарынды жеткіншектердің ұстазы да «малшы» дронның келешек кең қолданыста боларына сенеді.
Артем Ахметханов, жоба авторы:
- Ұшу құрылғысы өздігімен қуатталатын болғасын автономды түрде жұмыс істей алады. Яғни малшыларға өріске барудың да қажеттілігі болмайды. Ең бастысы, жайылым аумағында мобильді интернет болуы керек.
Қазбек Қалиев, ІТ-жобалар зертханасының меңгерушісі:
- Ата кәсібіміз - мал шаруашылығын цифрландыру қазіргі таңда үлкен мәселеге айналып отыр. Осы оқушыларымыздың ауыл шаруашылығына қосып жатқан үлесі. Және де осы жобаны әрі қарай дамытуға көмектесіп, атсалысуымыз керек.
Қазірдің өзінде оқушылардың технологиялық бастамасы әлемге танылып үлгерді. Жуырда Қытай елінде өткен байқауда екінші орынға лайық деп танылды. Дәстүрлі әлемдік сайысқа бұл жолы 1500-ден астам стартап жоба ұсынылған.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев