Қызылорда облысында оқушылар үйі мен өнер мектебі ашылды

Мерекеге орай Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Заманауи үлгіде жабдықталған ғимаратта үйірменің 20 түрі бар. Оған 500-ден астам бала қатысады. Оқушылар үйінің бұрынғы ғимараты 80 жыл бұрын салынған. Әбден тозған. Өнер мектебінің де жағдайы осындай болатын. «Оқушылардың шығармашылықпен айналысып, білім жолындағы ізденісін шыңдай түсу үшін осы жоба қолға алынды», – дейді мамандар.

Жаңа ғимаратта қолөнер, робототехника, шахмат секілді үйірмелермен айналысуға барлық жағдай жасалған. Ұстаздардың айтуынша, алдағы уақытта заман талабына сай үйірмелер қатары толыға береді.

Мұратбек Әуелбеков, оқушылар үйінің директоры:

- Бұрын бізде би залы болмады. Би залы болғаннан кейін би үйірмесін ашып отырмыз. Сосын экологияға байланысты материалдық база болмайтын. «Жас эколог» үйірмесі қосылып отыр. Екі үйірме қосылды. Болашақта тағы жаңа ғимаратқа көшуімізге байланысты мүмкіндіктер болуына сай тағы 2-3 үйірме қоссақ деген жоспар бар алда.