Қарағанды облысында 257 білім нысаны жөндеуден өтті
Қарағанды облысында ескі және үш ауысымдық мектеп мәселесін шешу үшін жаңа ғимараттар салынып жатыр.
Биыл 257 білім беру нысанына жөндеу жүргізілді. Оның 174-і мектеп. Жөнделген нысан саны былтырмен салыстырғанда 2 есе көп.
Биыл білім беру саласына бөлінген қаражат та көп. 2023 жылы 215 миллиард теңге бөлінсе, биыл ол қаржы 25 миллард теңгеге артық.
Қарағандыдағы Күнгей шағын ауданында 30 жыл мектеп болмаған. Маңайдағы жақын деген мектептің өзі бірнеше шақырым жерде орналасқан. Биыл күзде мұнда 600 орыНдық білім ошағы ашылды. Гүлнұр Айтжанова бұған дейін балаларын шалғайдағы мектепке тасып жүрген. Енді ол қиындық артта қалды.
Гүлнұр Айтжанова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Күнгейден мектеп ашылғанына қуаныштымыз. Біріншіден жаңа, заманауи, асхананың тамақтары балаларға ұнайды. Үйірмелері бар. Екіншіден, бұрын қалаға көлікпен апаратынбыз. Ол болмаса таксимен. Автобус бір-ақ рет жүреді.
Биыл өңірдегі 257 білім нысанына жөнеду жұмыстары жүргізілді. Соның 174-ті мектеп. Тағы 69 мектепке күрделі жөндеу қажет. Биыл облыста жаңадан үш білім ошағы пайдалануға берілі.
Абылай Смағұлов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Биыл облыс төңірегінде 3 мектеп іске қосылған болатын. Ол жайлы мектеп Қарағанды қаласында, сосын мемлекеттік бюджет есебінен 600 орындық Күнгей ауданындағы мектеп және сонымен қатар Атамекен ауылында жаңа мектептің құрылысы аяқталды.
Облыста ұлттық жоба аясында 10 жайлы мектептің құрылысы басталды. Оның бірі Балқаш қаласында салынып жатыр. Мысты шаһарда мектеп тапшылығы бар. Мың оқушыға шақталған білім мекемелерінде 1350 балаға дейін оқуға мәжбүр. Енді жайлы мектеп тапсырылған соң бұл мәселе түбегейлі шешіледі.
Қарлығаш Дүбірбекова, Балқаш қаласы білім бөлімінің басшысы:
- Жайлы мектеп. Қазір барлық керекті құжаттар жасақталды. Бәріміз асыға күтіп отырмыз. Атына, затына сай кәсіби, білімді мұғалімдер жасақтау мақсатымыз. Кадр потенциалы жақсы болса... жастар да керек, білікті мамандар да керек. Білімі әлемдік, тәрбиесі ұлттық оқушыларды тәрбиелеу мақсатымыз.
Өңірдегі 5 ескі мектептің орнына жаңасын салу жоспары бар. Осыған байланысты Талды, Елгезек ауылдарында жаңа білім ошақтарының құрылысы басталды. Ал қалғаны Ақтоғай ауданы мен Қарағанды қаласында. Сондай-ақ қалада 3 ауысымда жұмыс істейтін 1 мектеп бар.
Гүлдана Нұрсұлтан, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Қарағанды облысы бойынша 3 ауысымды жалғыз мектебіміз бар. Ол Қарағанды қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы лицей. Сол бойынша жайлы мектеп аясында мектеп ашылса, мәселе шешіледі.
Жаңа жайлы мектеп қаланың Гүлдер ықшам ауданында салынып жатыр. Жалпы облыста 420 мектепте 172 мыңнан аса оқушы білім алады.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар