Алматылық ұстаз математиканы ерекше тәсілмен үйретеді

Алматылық ұстаз, математиканы үйретудегі ерекше әдісі арқылы әлеуметтік желінің жұлдызына айналды, деп хабарлайды 24kz.

24 жастағы Евгений Солоницын мектепте жұмыс істеген бір жарым жыл ішінде қызықсыз формулаларды түрлі оқиғаларға, ал сандар туралы ғылымды өмір үшін қажетті және пайдалы құралға айналдыра алды. Евгений өз блогында күнделікті өмірден мысалдар келтіре отырып, математикалық есептерді талдайды.

Евгений Солоницын математика туралы блог жүргізуді сегіз ай бұрын бастаған. Ол қызықты мысалдар келтіре отырып, нақты ғылымды түсінікті етіп жеткізеді. Мәселен, қарбыздың пісуін қалай өлшеуге болатынын немесе тек математиканы пайдаланып ерітіндінің концентрациясын қалай есептеу керектігін түсіндіреді. «Ұстаздыққа кездейсоқ келдім. Бұл шешімге ковидке байланысты қашықтықтан оқыту әсер етті», - деді жас маман Евгений Солоницын.

Евгений Солоницын, №134 лицейдің математика пәнінің мұғалімі:

- Мен радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығын оқыдым. Үшінші курста мұның аса қызық емес екенін түсіндім. Математика және физика пәндерінен репетитор болып жұмыс істей бастадым. Сол сәттен бастап үйрету, сабақ беру маған ұнады.. Содан кейін математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша магистратураға түстім.

Тәжірибесінің аздығына қарамастан, Евгений оқушыларына жоғары нәтижелерге жетуге көмектесіп келеді. Дайындаған 15 оқушысының 8-і физика-математика мектебіне қабылданды. Жас ұстаздың тың әдісі оқушыларға да ұнайды.

Арина Тулеушева, №134 лицейдің оқушысы:

- Шын мәнінде Евгений Евгеньевич сабақтарды өте керемет, көңілді өткізеді, бәрін нақты мысалдармен түсіндіреді. Оның айтқандарын өте оңай түсінесің, ол әрқашан өмірден мысалдар келтіреді.

Евгенийдің әріптестері де аз уақытта оның таланты мен кәсібилігін аңғарыпты. «Оқушымның кәсіби ұстаз болып оралуы мен үшін үлкен мақтаныш», - дейді Евгенийдің бұрынғы сынып жетекшісі Құралай Мұсаева.

Құралай Мұсаева, №134 лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Евгений осы мектепте 9-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін оқыды. Мен Евгенийдің клас жетекшісі болдым. Әріптес ретінде, айтады ғой, оқушысы ұстазынан озса, одан ең үлкен сыйлық, бұл маған үлкен сыйлық, Өзімнің оқушым, осы мектепке келіп, өзіммен бірге мұғалім ретінде жұмыс жасап жатыр.

Евгений өте қарапайым. «Өзімді мықты математикпін деп есептемеймін», - дейді ол. Дегенмен, шәкіртінің ынтасын ашып, жүрегіне жол тапқан педагог болашақта блогын дамытып, оқушыларға есеп-қисапты оңай үйретуді жалғастырмақ. Жас ұстаз қазақ тілін толық меңгеруді де жоспарлап отыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев