Шымкентте әскери борышын өтеген 48 сарбазға оқу гранты берілді

Енді олар Ұлттық бірыңғай тест тапсырмай-ақ елдегі 70 шақты университетте кәсіби білім ала алады, деп хабарлайды 24KZ. Грантқа ие болғандар жауынгерлік қызметін жақсы атқарып, үлгілі тәртібімен көзге түскен.

Сонымен қатар психологиялық және физикалық дайындығы мен оқу-жаттығу шараларындағы нәтижесі жоғары бағаланған. Тәуелсіз комиссия мүшелері жыл бойы цифрлық платформаға енгізілген деректерге талдау жасап, осындай қорытындыға келді. Министрлік тарапынан берілетін грант сертификаты Алматы, Қызылорда, Тараз қалалары мен өзге де өңірлердегі жауынгерлерге табысталды. Ал мерзімді әскери міндетін атқарған өзге отан қорғаушылар тест тапсырмай, ақылы негізде оқиды.

Әлімжан Толыбеков, қатардағы жауынгер:

- Жауынгерлік қызметті атқару барысында мен көптеген нәтиже мен жетістіктерге жеттім. Олардың ішінде ауыз толтырып айтатындай, міне, менің осы сертификатты ұтып алғаным. Бұл маған Алматы қаласындағы ЖОО грантқа түсуге мүмкіндік береді.

Нұрлан Сәкібеков, қалалық 66-98 әскери бөлімінің командирі:

- Оларға алғысым шексіз. 1 жыл ішінде өздерінің қызметтерін адал атқарып, 156 сарбаз аман-есен жеріне оралып отыр. Өзінен кейінгі 1-24 шақырылымдағы сарбаздарға жақсы үлестірін, өздерінің 1 жыл бойы үйренгендерін үйретіп кетті.