Ақтөбедегі британдық университеттің филиалында 450 студент білім алады

Ақтөбедегі Heriot-Watt Ұлыбритания университетінің студенттері шетелге білім алуға аттанды, деп хабарлайды 24KZ. Шотландиялық білім ордасының еліміздегі филиалында 450 студент оқиды. Олардың Ақтөбемен қатар Малайзия, Дубай және Эдинбургтағы кампустарда білім алуға мүмкіндігі бар. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 16 студент жолдама алған.

Әлемдегі алғашқы механика институты ретінде негізі қаланған Heriot-Watt университетінің кампусы Ақтөбеде екі жыл бұрын ашылды. Бұл білім ордасының Орталық Азия елдеріндегі алғашқы бөлімшесі. Жоғары оқу орнында студенттер электр энергетикасы, мұнай инженериясы және компьютерлік инженерия мамандықтарын игереді.

Ырыскелді Достанов, студент:

- Осы оқу орны Қазақстан аумағында орналасқан басқа да университеттерден ең үлкен айырмашылығы – бұл, әрине, шетелдерге шықпай-ақ, халықаралық деңгейдегі оқытушылардан білім алу мүмкіндігі. Өздеріңіз білесіздер, ондай мүмкіндік оңай емес. Күнде туа бермейді және де мен осы Heriot-Watt кампусын таңдаған болатынмын.

Сонымен қатар жастардың Малайзия мен Дубай және Эдинбург қампусында оқуға мүмкіндігі бар. Барлығы да ұлыбританиялық стандарт негізінде білім береді. Сондықтан алғашқы курсты Ақтөбеде оқыған студенттер шетелде тез бейімделіп, оқу бағдарламасын бірден игеруі тиіс. Биылғы оқу жылында 16 үміткер іріктеуден өтіп, Шотландия мен Малазияға аттанды. 

Дастан Құсайынов, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің проректоры:

- Баруға талап ететін студенттеріміз конкурс жүзінде GPA бойынша іріктеледі. GPA дегеніміз студенттердің үлгерімінің орташа балы. Яғни бұдан бұрынғы оқып келген сабақтарының бүкіл бағаларының орташа балы болып табылады. Университет виза шығынын, ұшып келу шығынын және жатақханада тұру шығынын және медициналық сақтандыру дейді ғой, осы шығындарды төлейді.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің жанынан ашылған оқу орнында білім сапасын Heriot-Watt университеті бақылайды. Оқытушылардың да 30%-і – шетелдік мамандар. Күнделікті лекция оқып қана қоймай, ғылымға да көңіл бөлінеді. 

Неда Ехтесади, Heriot-Watt университеті кампусының аға оқытушысы:

- Heriot-Watt университетінде қыркүйек айынан бастап жұмыс істеймін. Бұған дейін Еуропадағы бірнеше жоғары оқу орнында жұмыс істедім. Салыстырмалы түрде айтсам қазір Қазақстанда студенттерге үлкен мүмкіндік бар. Ғылыммен айналысуға да жағдай жасалған. Жергілікті ғалымдармен бірге химия саласында зерттеу жүргізуді жоспарлап отырмын.

Мұқағали Қаламбай, Heriot-Watt кампусының оқытушысы:

- Зерттеп жатқаным жұлдыздар шоғыры. NJC-2615 деген немесе плеяда Үркер дейміз ғой. Үркер жұлдыздар шоғырының динамикасын зерттеумен айналысып жатырмын. Компьютермен модельдеу арқылы оның жерден қарау бағыты мен аспандағы біздің көріп тұрған процестерді бірін-біріне салыстыра отырып, оларды егжей-тегжейлі зерттей аламыз. Ол кейін әлемдік ғылымға Қазақстанның қосқан үлесі болып табылады.

Қазір елімізде шетелдік білім ордаларының 26 филиалды жұмыс істеп тұр. Жастар озық оқу орындарының дипломын шекара аспай-ақ иелене алады.

Авторлары: М.Есқожин, А. Молдабеков, А. Даутов.