Кореяда президентті қамауға алғаннан кейін сот ғимаратына шабуыл жасалды

Сеулде таңертеңнен бері жаппай тәртіпсіздіктер болып жатыр.

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльді қамауға алу туралы сот  шешіміне наразы топ бүлік шығарып, Батыс округтік сотының ғимаратына шабуыл жасады. Полиция шамамен 40 адамды қамауға алды. Жарақат алғандар да бар.

- Сот тыңдауы қалай өтті? Айыптау мен президент Юнның қорғаушылары қандай уәждер айтуда? 

- Жалпы бүлік қалай басталды және не үшін бұлай болып жатыр? 

- Президент Юнға нақты айып тағылғанша қанша уақыт өтуі мүмкін?

Владислав Цой, тілші:

- Тыңдау кеше түстен кейін сағат 14:00-де басталып, 18:50-де аяқталды. Бұған дейін тергеушілердің сұрақтарына жауап беруден бас тартқан Юн Сок Ёль күтпеген жерден ордерді қарау отырысына жеке өзі қатысты. Ол 40 минут бойы сөйледі. Соңында Юн: «Әскери жағдай кезінде сарбаздар мен полицейлер өз міндеттерін орындап, тәртіпті сақтады, бірақ олар қазір қастандық үшін айыпталып, қамауға алынды. Олар ешқандай қылмыс жасаған жоқ» деп мәлімдеді.Тыңдауды судья Чха Ын Гён жүргізді. Ол 8 сағатқа созылған талқылаудан кейін, таңғы 3-те "дәлелдерді жою қаупі" деген бапты негізге ала отырып, Юнды қамауға алу туралы шешім қабылдады. Президент Юнның адвокаттары бұл шешіммен келіспеді: «Президент қызметінен шеттетілді, ал осы іске қатысы бар негізгі лауазымды тұлғалар қамауға алынып, айып тағылды. Мұндай жағдайда дәлелдерді жою қаупі бар ма?» деген сұрақ қойды.Сот жоғары лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлығын тергеу басқармасына Юнды 20 күнге дейін тергеу мақсатында қамауда ұстауға рұқсат берді. Юн Ыйван қаласындағы қамау орталығында жеке камерада болады. Біз дәл қазір сол жерде тұрмыз. Ол медициналық тексеруден өтіп, қамауға алу процедуралары аяқталғаннан кейін тұтқындарға арналған киім киеді.

- Бүлік қалай және не үшін басталды? 

Владислав Цой, тілші:

- Сот шешімін Юн Сок Ёльдің 44 мыңға жуық жақтасы күткен. Шешім жарияланғаннан кейін жастар жиналғандарды сотқа шабуыл жасауға үгіттей бастады. Шабуыл жасаушылар бүлікті тікелей эфирде түсіргендіктен, олардың есімдері анықталды. Ашулы жақтастар соттың артқы қақпасына қойылған полиция кедергілерінен өтіп, 03:21 шамасында ғимаратқа басып кірді. Олар қамауға алу туралы ордер берген судьяны іздеп, президенттің есімін атап айқайлады. Полиция наразылық білдірушілерге қарсы өрт сөндіру құралдарын  қолданды. Ал 03:32-де оларды тұтқындай бастады. Қазір 45-тен астам адам қамауға алынды. Екі полицей жарақат алды, олардың бірі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Қамауға алу туралы ордер берген судья Чха Ын Гён жеке күзет сұрап, қазір тәулік бойы қорғауда.

Президент Юнға айып тағылғанша қанша уақыт өтеді? 

Владислав Цой, тілші:

- Қылмыстық іс жүргізу заңына сәйкес, президентті қамауда ұстау мерзімі 10 күн, оны соттың рұқсатымен тағы 10 күнге ұзартуға болады. Яғни Юнның қамауда ұстау мерзімі шамамен 5 ақпанда аяқталуы мүмкін. Сол уақытқа дейін оған ресми айып тағылуы тиіс.Тергеу басқармасы мен прокуратура президентке айып тағу қиындық туғызбайды деп есептейді, өйткені олар қазірдің өзінде дәлел жинап, мемлекеттік төңкеріс әрекетіне қатысушыларды, оның ішінде бұрынғы қорғаныс министрін және әскери қарсы барлау қызметінің басшыларын тергеп үлгерген. Олар Юнның ұлттық ассамблея мүшелерін ғимараттан шығару туралы бұйрық бергенін мәлімдеді.