Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтында жаңа мамандықтар енгізіледі

Келер жылы Ақтаудағы қазақ-неміс тұрақты инженерия институтында жаңа мамандықтар енгізіледі.

Оқытушылық құрам «Компьютерлік инженерия» және «Индустриалды менеджмент» мамандықтары бойынша білім бағдарламасын жасақтап жатыр. Қазір институтта 120 студент энергетика және логистика саласында білім алуда. Түлектерге Маңғыстау өңірінде кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан жобалар аясында жұмыс ұсынылады. Төрт жылдық бағдарламаның бірінші және екінші бөлімінде неміс және ағылшын тілдері тереңдетіліп оқытылады. Бұдан соң бір жыл Алматыда жалғасады. Одан әрі студенттер Германияға аттанып, сол жақтан диплом алып елге оралады.

Макс Айрих, қазақ-неміс тұрақты инженерия институтының директоры:

- Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтында Маңғыстау өңіріне аса қажетті энергетика саласы бойынша білікті мамандар даярланады. Іргетасы былтыр қалаған жоғары оқу орнына Германия тарапынан 400 мың еуро инвестиция құйылды. Ендігі мақсатымыз - оқу бағдарламаларын жетілдіру және жаңа мамандықтарды құру. Үш бағыт бойынша нақты жоспарымыз бар, соның екеуі келер жылы жүзеге асады.