Шымкенттік оқушылар саңырау адамдарға арналған көзілдірік ойлап тапты
Шымкенттік оқушылар саңырау адамдарға арналған «ақылды» көзілдірік ойлап тапты, деп хабарлайды 24kz.
Біз жаңылыс айтқан жоқпыз. Бұл – саңырау адамдарға арналған көзілдірік.
Енді бұл көзілдіріктің пайдасы қандай? Ерекшелігі неде?
Бұрын фантастикалық фильмдерден ғана көретін «ақылды» көзәйнек жақын болашақта кез келген адамға қолжетімді болмақ. Көзілдіріктің авторлары – Нұрбек, Санжар мен Арнұр есімді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары. Олар туындысын құлағы нашар еститін жандарға арнап отыр. Құрылғыға орнатылған микрокомпьютер айтылған сөзге анализ жасап, адамның көз алдына шығарып бере алады.
Санжар Сартаев, Нназарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
- Қазіргі таңда біз жобаны тек «Digital Almaty 2025» деп көрсеттік. Ол жақта біз өзімізбен қатар стартаперлер бар және кейбір инвесторлар мен спонсорларға көрсеттік. Кері байланысты толығымен алып, сол жақта анықталған қателерді болашақта жөндейміз деген ойдамыз. Толығымен қолданысқа кіргенге дейін бұл жобаны тастамаймыз. Соңына дейін апарамыз деген ойдамыз.
Жас өнертапқыштар көзілдірікті бір аптада құрап шыққан. Енді оны жеңіл әрі ыңғайлы етіп қайта жасамақ. Одан соң жүйеге қазақ тілінен басқа бірнеше тілді қосуды жоспарлап отыр.
Арнұр Дәулет, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
- Бұл лабораторияда бізге керек жабдықтың бәрі бар. Олардың арқасында біз очкиге арналған сыртқы корпусын жасап шығардық. Көріп тұрғандарыңыздай 3Д модельді ноутбукта жасап болғаннан кейін 3D принтер оның корпусын шығарып береді. Содан кейін оны ары қарай жалғастыра беруге болады.
Өнертапқыш өрендер ойлап тапқан туындылар қатарында мына дрон да бар. Ауыл шаруашылығына арналған аппарат егістік даласын жасанды интеллект арқыры сканерлеп, өнім аз шыққан жерге тыңайтқыш себе береді. Тіпті алқапқа кірген жан-жануарды үркіту функциясы да бар.
Нұрбек Тайжанов, Назарбаев зиятерлік мектебінің оқушысы:
- Біздің қазір шығарып жатқан дрон автономды болып табылады. Және екіншіден, бізде басқаларда жоқ функция бар. Ол детектор, жануарларды анықтап, арнайы дыбыс шығарады. Және де спутниктан индиго индикатор анықтайды. Басқа дрондар өздері радар арқылы бақыласа, бізге радар керек емес. Біз тек спутниктен аламыз. Біздің дрон арзанырақ шығады осының арқасында.
Жас дарындар өз жобасын жүзеге асыратын инвесторлармен жұмыс істей бастаған. Әлі де халықаралық конкурстарға қатысып жүлдемен оралатындарына сенімді. Қазірдің өзінде өнертапқыштарға қытайлық компания қызығушылық танытып отыр.
Авторлары: Мерей Бает, Катерина Попкова