Орталық Азияда таза су стратегиялық ресурсқа айналуы мүмкін

Болашақта Орталық Азия өңірінде таза ауызсу стратегиялық ресурсқа айналуы мүмкін. ЮНЕСКО жанынан құрылған Орталық Азия гляциологиялық орталығының мамандары осындай болжам жасап отыр.

Мекеме ғалымдары мұндай байламға 12 жылда алғаш рет Тұйықсу мұздығының қалыңдығын өлшегеннен кейін келген. Солтүстік Тянь-Шаньдағы мұздықты бақылау 1950 жылдан бері тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жиналған барлық ақпарат Швейцарияның Цюрих қаласында орналасқан Дүниежүзілік мұздықтарды бақылау кеңсесіне де жолданады. Соңғы зерттеудің қорытындысы қандай?

Тұйықсу мұздығы Іле Алатауының солтүстігінде жатыр. Кіші Алматы өзені осы жерден бастау алады. Мұздықтың ұзындығы небәрі 3,5 шақырым болғанымен гляциолог ғалымдар оны маңызды деп санайды. Өйткені Тұйықсудың жағдайы жаһандық климаттың өзгеруінен көп мағлұмат береді. Енді міне, араға 12 жыл салып жасалған зерттеу нәтижесі көңіл көншітпей отыр. 2013 жылы мұздықтың ең қалың тұсы 105 метр болса, қазір 95 метр. Яғни, мұз 10 метрге жұқарған. Зерттеу арнайы мобильді георадармен жүргізілді.

Василий Капица, Биіктаулы геокриология зертханасының меңгерушісі:

- Бұрын Орталық Тұйықсу мұздығының ауданы шамамен үш шаршы шақырым болса, қазір 2,2 шаршы шақырымға дейін қысқарды. Орта есеппен мұздықтың көлемі жылына 25 метрге азайып барады. Бұл ауа температурасының көтерілгенін көрсетеді.

Ғалымдар Тянь-Шань мұздықтарының күрт азаюын жаһандық климаттың жылынуымен байланыстырады. Бұған жер бетінде халық санының артып, зауыт-фабрика, көліктердің көбеюі әсер етіп отыр. Іле Алатауының солтүстік баурайындағы мұздықтардың алғашқы каталогы өткен ғасырдың ортасында жасалған. Содан бері олардың көлемі 49%-ке азайған. Әр мұздықтың ауданы жылына 1% қысқарған екен.

Николай Касаткин, ЮНЕСКО-ның Орталық Азия гляциологиялық орталығының ғылыми қызметкері:

- Бұл үдеріс 150 жыл бұрын «Кіші мұздық дәуірі» аяқталған соң басталды. Содан бері күн тек жылып келеді. Мұздықтар көлемі, ауданы мен ұзындығы жағынан шөгіп барады. Таза ауызсудың стратегиялық қоры азайып жатыр.

Ғалымдардың пікірінше болашақта Орталық Азия өңірінде таза ауызсу ең құнды ресурстардың біріне айналады. Сондықтан тіршілік нәрін үнемдеп, дұрыс пайдалану өзекті болып тұр.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев