Балаларға кітап оқығаны үшін сыйлық бермеу керек – психолог кеңесі
Ұлы ақынымыздың шығармалары әлем тілдеріне тәржімәланып жатқаны қуантарлық іс. Абай мұрасы – ұрпаққа аманат. Оның жас өскіндерге берері мол. Ал бүгінгі өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығы қандай? Қазіргі технологиялық заманда баланың ой-өрісі, сана-сезіміне әсер ететін дүниелер де көбейген. Ендеше бүлдіршінді кітап оқуға қалай баулуға болады?
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Балаңыз қандай кітап оқып жүр? Қай ертегінің кейіпкерін жақсы көреді? Ал сүйікті қаһарманы кім? Сіз осы туралы онымен сөйлесіп көрдіңіз бе? Өйткені осылай ғана бала жанын түсінуге болады.
Иә, ұл-қызына оқыған әр беті үшін ақша беретін ата-аналар көп. Олар, осылайша, баланың кітапқа деген құштарлығын оятуға тырысып жүр. «Себебі, бүлдіршін уәделі сыйақысын алу үшін ертегіні көбірек оқиды. Бірақ бұл әдіс аса қауіпті», - дейді психолог Камила Оразбаева.
Камила Оразбаева, психолог:
- Себебі ол баланың зейін қойып оқуына әсер етеді. Назары басқа жаққа ауып кетеді. Оны соңында мотивация ретінде ұсынуға болады. Әрі қарай кітап оқуға деген қызығушылығын ашуға. Бірақ алдын ала айтатын болса, баланың кітап оқуға деген қызығушылығын жоғалтып, тек қаржылық жағына қызығушылығын арттырып жіберуі мүмкін.
Сондықтан балалардың кітапқа құмарлығын оятудың басқа жолдарын іздеу керек. Жазушы Олжас Қасым: «Бүлдіршіндер бояуы қанық, сюжеті тартымды ертегілерге қызығады», - дейді. Сондықтан безендіруге баса мән беріп, кітаптың сыртқы пішінін де ойластырған дұрыс деген пікірде.
Олжас Қасым, жазушы:
- Кітапты суретпен безендіру жағына мән беру керек. Одан кейін кітаптың негізгі стандарттары болады екен. Бала құшақтайтындай төртбұрышты, көлемді кітаптар. Мысалы Кореяда, Жапонияда осындай кітаптарды көп шығарады. Бізде де кейін жекеменшік баспалар осындай бір тәжірибені қолға алып жатыр. Балаға кітап оқыту үшін негізгі стандарттарын да сақтауымыз керек.
Ертегі балалардың ақыл-ойын дамытады. Сонымен қатар қиялына қанат бітіріп, қоршаған ортаға қызығушылығын арттырады. Сондықтан болар, балаларға жануарлар туралы әңгімелер ерекше ұнайды. Солардың бірі жақында қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының бастамасымен жарыққа шыққан «Дала қыраны – Кие» кітабы. Онда қазақ даласында түлеп ұшқан қыранның әлемді шарлап, басынан кешкен оқиғалары баяндалады.
Дарья Скляренко, жазушы, суретші:
- Алдымен балаларға қызық болатындай сюжет ойлап табу қажет болды. Бірақ ол ойдан шығарылған емес, шынайы оқиғаға негізделуі керек еді. Сондықтан қырандардың өмірін зерттеп, солар туралы қызықты фактілерді табуға тура келді. Мәселен, олар өте ерте ұядан ұшады да, мыңдаған шақырымды артқа тастап, ыстық жаққа барып келеді. Сонымен қатар өміріне төнетін қауіп те көп. Осы оқиғаларды әңгімеге арқау қылдым. Кітапты безендіретін де мен болғандықтан, бұл құстың анатомиясымен де терең таныстым. Олардың қауырсындарын, сүйегінің құрылысын, тұмсығын зерттедім.
Кітаптың түпнұсқасы орысша жазылғандықтан оны қазақ тіліне аудару керек болды. Тәжірибелі тіл маманы Назгүл Қожабекке де дала қырандары туралы білімін жетілдіруге тура келген. «Қауымдастық қызметкерлерімен, зоолог мамандармен ақылдасып, кей терминдермен таныстым», - дейді ол. Сонымен қата, кітап калькасыз жазылуына да мән берген.
Назгүл Қожабек, филолог, аудармашы:
- Барынша кішкентай баланың кейпіне түсіп, сол түсінетіндей қылып аударуға тырысасың. Бірақ сонда да тым қарабайыр боп кетуіне жол бермейсің. Өйткені осы кітаптар арқылы біз балалардың сөздік қорын да дамытамыз, олардың қиялын, ойын да дамытамыз. Сондықтан бар жерде балаларға қазақтың өз сөзін, өз стилистикасын, өз ырғағын жеткізгіміз келеді.
Ал астаналық Мөлдір Кәрімқызы кітапты тәрбие құралына айналдырған. Балалардың бойына ертегі арқылы жақсы қасиетті сіңіруге болады дейді ол.
Мөлдір Кәрімқызы, қала тұрғыны:
- Қазір ертегінің де түрі көп. Терапиялық ертегілер деген шыққан қазір. Балаға жай кітап оқы деп ұрыспай. Кітаптағы кейіпкерлерді айтамыз да, сол сияқты болғын келе ме әлде аюдын қонжығы мысалы түннен қорқады екен мысалға. Қарашы, ол көлеңкеден қорқады екен дейді. Ал бізде барма сондай. Кім қорқады мысалы? Ағасынан сұраймыз. Сосын ағасы айтады ол маған ұқсайды екен, сабақ оқығысы келмегені маған ұқсайды екен деген сияқты ертегілерді айтып, көрсетіп отырамыз.
Сонымен қатар, баланы жалықтырмау үшін заманауи технологияларды да қолдануға болады. Мәселен, кітаптың бетіне Qr код орналастырып қойса, балғындар сол ертегіні аудио немесе видео форматта тыңдай алады. Бұл олардың кітапқа деген қызығушылығын жоғалтпауға көмектеседі дейді мамандар.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ержан Рахманбердиев