Оралдық кәсіпкер әйел аңшылықпен айналысады

Оралдық кәсіпкер Мейрамгүл Әмірғалиева қолы қалт еткенде мылтығын асынып алып, аңшылыққа шығады. Қоян атады, өзен-көлдерді кезіп, шортан аулайды. 

Аңшылық кәсіпке кішкентай кезінен әкесі баулыпты. Осылайша, төрт баланың анасы кәсіп пен хоббиін қатар алып жүр. Үй шаруасы мен бала тәрбиесіне де уақыт табады.

Қолына қандыауызын ұстап, қамыс арасынан қоян қағып жүрген Мейрамгүлдің бейнежазбалары әлеуметтік желіде әрқашан көп қаралым жинайды. Біреулер сәттілік тілейді, біреулер қолдайды. Аң аулау нәзік жандардың табиғатына тән емес дейтіндер де бар. Мейрамгүл болса, саятшылықтан жаны ләззат алатынын айтады. Аңшы ару Теректі ауданының Шағатай ауылында туып өскен. Әкесі Ғалимолла балық аулауға кішкентай кезінен баулыса, 14 жасында мылтық атуды үйреткен. 

Мейрамгүл Әмірғалиева, аңшы-балықшы:

- Балыққа кішкентай кезімнен әкеммен бірге шығып жүрдім. Менің әкем аңшы, балықшы. Мен ең кенже қызымын. Әрдайым оның қасында жүрдім. Әкеммен құсқа бардым қоянға. 

Қазір аңшылық маусымы жабық. Сол себепті Мейрамгүл мылтығын қармаққа алмастырған. Ұстаған балықты сол жерде баптап, дәмдеп қуырып жейді немесе сорпа пісіреді. Ақпан айында ауланған шортанның уылдырығы дәмді әрі құнды  болады. «Мұз астынан жалтырауықпен жыртқыш балықты суырып алған кездегі сезім бөлек. Оны тек кәнігі балықшылар ғана түсіне алады», - дейді ол.

Мейрамгүл Әмірғалиева, аңшы-балықшы:

- Балыққа шыққанда өзімді басқа әлемде жүргендей сезінемін. Тыныштық табамын. Қармағыммен оңаша қалғанда ой-қиялға ерік беремін. Мен ұстаған ең үлкен шортан 5 келі 300 грамм болды. Алыс болғанына қарамастан Жалпақталға Сарышығанақ көліне жиі барамын. Ол көлдің шортандары ірі. Аңға шыққанда негізінен қоян аулаймын. Бір-екі рет құсқа шығып көрдім. Алайда жолым болмады.

Мейрамгүлдің отбасы, төрт баласы бар. Тұңғышы 13 жаста. Айтуынша, жолдасы  аңшылыққа әуестігін әркез қолдайды, балыққа бірге шығады. «Оның аңшы болуы туған күнімен байланысты», - деп әзілдейді достары. 

Гаухар Саудашева, қала тұрғыны:

- Мира құрбымыз бастаған істі аяғына жеткізбей тынбайтын табандылығымен ерекшеленеді. Басқаша болуы да мүмкін емес сияқты. Өйткені ол 23 ақпан яғни, бұрынғы Кеңес Армиясы күнінде дүниеге келген. Сол себепті атын Мейрамгүл деп қойған. Оның бойында ер азаматқа тән қасиеттер болуы, аңшылыққа, балыққа құмар болуының сыры да осында жатса керек.

37 жастағы Мейрамгүл Әмірғалиева қоғамдық тамақтану бизнесімен айналысады. Аңшылық – хоббиі. Ол биыл аңшы достарының шақыртуымен шығыс жаққа барып, қабан, марал, аю атуды жоспарлап отыр.

 Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов