Үлескерлерді қорғаудың жаңа тетіктері енгізілді
Елде үлескерлерді қорғаудың жаңа тетігі енгізіліп жатыр.
Цифрландыру және жаңа заңнамалық шаралар 77 мың отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Бұл туралы қазақстандық тұрғын үй компаниясының басқарма төрағасы Алтай Күздібаев хабарлады. Оның айтуынша, 1 қаңтардан бастап үлестік қатысу шарттары бойынша барлық төлемдер «Казреестр» жүйесіне қосылған 12 банк арқылы қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Ал сәуірден бастап барлық шарттар электронды түрде бірден тіркеуге алынады. Бұл пәтерлерді екі рет сатуға тосқауыл қояды. Құрылыс компанияларына қойылатын талаптар да жеңілдетілді. Енді тәжірибесі аз мекемелер де жобаларын жүзеге асыра алады. Мәселен, биыл жүйеге Ақмола, Ұлытау облыстары алғаш рет қосылды. Айта кеткен жөн, кейінгі 9 жылда Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігімен шамамен 7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Алтай Күздібаев, «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы:
- Құрылыстың бастапқы кезеңінде тұрғын үйді Қазақстанның тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры (ҚЖК) қорғауымен сатып алу азаматтарға дайын нысандармен салыстырғанда орта есеппен 15% қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Құрылыстардың заңдылығын тексеру үшін біз мониторинг сервистерін ірі банктердің мобильді қосымшаларына және eGov Mobile жүйесіне енгіздік, сондай-ақ әрбір азамат құрылысқа рұқсаттың бар-жоғын тексере алатын homeportal.kz мамандандырылған порталын іске қостық. Біздің міндетіміз – қосарланған сатылымдардың немесе шарттарды тіркеудің кешігуінің алдын алып, құрылыс компаниясы дефолтқа ұшыраған жағдайда азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.