ШҚО-дағы ауыл бүркітшілер орталығына айналды
Шығыс Қазақстан облысындағы Бозанбай ауылы әлемнің түкпір-түкпірінен келетін бүркітшілер орталығына айналды.
Жыл сайын «Шығыс салбурыны» халықаралық додасын тамашалауға мыңдаған турист ағылады. Бозанбайдың өзі де «бүркітшілер ауылы» атанып кеткен.
Бозанбай ауылы көпке танымал. Құс салып, ит жүгіртіп аң аулаудың қызығын көргісі келгендер ат басын осы жерге бұрады. Көшпенділер шеруінің мәні тіпті зор. Бұл іс-шара Маркс Нәжитбансыз өтпейді. Ол мұнда түйе мен жылқы бағып, тазы өсіріп отыр. Алайда кәнігі бүркітшінің қыранға деген құмарлығы бөлек. Ол 14 жасынан бастап саятшылықты жанына серік еткен.
Маркс Нәжитбан, бүркітші:
- Бұл – ұлттық құндылық, ұлттық салт-дәстүр. Кезінде сиреп, жоғалып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрді міне, Аллаға шүкір, егемендік алғаннан бері қайта көтерді. Енді әрі қарай жалғасын табады деп ойлаймын. Өзім сенемін. Бүркіт деген дүние тек ұлттық салт-дәстүр емес, кезінде ашаршылық кезінде бір бүркіт бір ауылды асыраған деген тарих бар.
Түз тағысын баптап, аңға салу – екінің бірі игере алмайтын кәсіп. Бүркіттің қандай түрі болмасын иесінің икеміне емес, өзінің еркіне қарай ұшады. «Қыран құс өзі үшін, тазы иесі үшін ұстайды» деген сөз осыдан шыққан»,- дейді Маркстің інісі Горький.
Горький Нәжитбан, бүркітші:
- Құс баптау әрбір кісінің қолынан келе бермейді ғой. Өте қиын іс. Мына көктің тағысын анау көктен алып, қолға үйрету деген албаты кісінің қолынан келмейді. Үйреніп қалғаннан кейін баяғы немере ұқсап кеткен. Мұны шаршатқымыз да келмейді, албаты кісіге сипатқымыз да келмейді. Немере болып кеткен ғой.
Бүгінде құсбегілік өнер әулеттің негізгі кәсібіне айналды. Маркстың қызы Айзере де әке жолын жалғап, сегіз жасынан саятшылыққа ден қойған. 16 жастағы Айзере қазір «Ақселеу» атты қыранды баптап жүр.
Айзере Марксқызы, бүркітші:
- Құс деген бала сияқты ғой. Тез ренжіп қалуы да мүмкін. Өзінің бір ерекшеліктері болады әр құстың. Бұл құсты осы қыстан бастап үйреттім ғой деймін. Ақырын-ақырын үйретіп жатырмын. Жарыстарға, аңға әлі салған жоқпыз. Мұның өнерін осы қыста көретін боламыз.
Жалпы қырандардың аң ала алмайтыны болмайды. Тек бабын табу керек. Ақиық бүркіт бабы келіссе, арлан қасқырды қапы қалдыратынын аңшылар аңыз қылады. Рас, құс баптау – еріккеннің ермегі емес. Оған темірдей төзім, қыранға деген адалдық пен ықылас керек.
Шакерман Ошан, Бозанбай ауылының тұрғыны:
- Бүркітшілікпен ұлым да, қызым да, жолдасым да, барлығы соныменен айналысатын болғандықтан әрине, саятшылықтың жолы өте ауыр. Оның жұмысы да күрделі. Күннің суығында, ыстығында әрдайым тағамдарын дайындап беріп, суықта жылы киініп шығуға, барлығына өзім атсалысып отырамын.
Саятшылар әулетінің арқасында Бозанбай ауылы бүкіл елге танылды. «Шығыс салбурыны» жарысына алғашында 13 бүркітші қатысса, қазір әлемнің әр қиырынан жүздеген құс иесі келіп, сайысқа түседі. Оны тамашалауға 10 мыңға жуық қонақ жиылады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов