Зейнетақы жинақтарын басқарудың жаңа жүйесі күшіне енді
Бүгіннен бастап зейнетақы жинағын толығымен басқарушы компанияға аударуға болады. Жаңа ереже күшіне енді. Сондай-ақ елде зейнетақы жинақтарын басқару жүйесі де өзгеруі мүмкін.
Жекеменшік басқарушы компаниялардың нарықтағы үлесін арттырып, салымшылар үшін жас ерекшелігіне қарай инвестициялық портфельдер енгізу ұсынылып отыр. Яғни жастар үшін кірісі жоғары, бірақ тәуекелі көбірек құралдарға басымдық берілсе, зейнет жасына жақындағандар үшін консервативті, яғни тәуекелі аз активтер үлесі артады.
Бүгіннен бастап қазақстандықтар міндетті зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейін жекеменшік басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына бере алады. Бұған дейінгі шектеу 50 пайыз еді. Дегенмен Қазақстан үшін бұл жүйе таңсық емес. Бұрын да жекеменшік ұйымдар халықтың жинағына иелік етіп көрген.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Бір кездері біз де бәсекелестік ортада болып, қайтадан оның жабылып қалуының себебі, ол сол алған компаниялардың өздері де тиімсіз басқарды. Яғни олар табыстылығының басым бөлігін компанияның басшылары өзіне қымбат кеңселер жалға алуға, қымбат көліктерге жұмсап жіберді. Ол мемлекетке тиімсіз болғандықтан мемлекет қайтадан мемлекеттік зейнетақы қорына аударды.
Кейін жинақтың жартысын жекеге басқартуға рұқсат берді. Бүгіннен бастап бұл шектеу де алынып тасталды. «Дегенмен басқарушы компанияны таңдамас бұрын оның қаржылық көрсеткіштері мен инвестициялық стратегиясын мұқият зерделеу қажет», - дейді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мамандары.
Ляззат Әмірғалиева, «БЖЗҚ» АҚ Инвестициялық портфельді талдау басқармасының басшысы:
- Зейнетақы жинақтарының 100 %-на дейін инвестициялық портфельді басқарушылардың сенімгерлік басқаруына беру салымшыларға үзақ мерзімде капиталын арттыруға мүмкіндік береді. Ол үшін басқарушы компаниялардың тиімділігі мен стратегиясын алдын ала зерделеу қажет. Зейнетақы активтерін басқаруға Агенттік тізіліміне енгізілген ұйымдар ғана жіберіледі. Олардың арнайы лицензиясы, нарықта және клиенттердің активтерін басқаруда тәжірибесі болуы шарт. Сонымен қатар соңғы бірнеше жылдағы қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижесі оң болуы және ықтимал шығындарды жабуға жеткілікті меншікті капиталы болуы қажет.
Жинақтарды жекеменшік компаниялардың басқаруына беру мүмкіндігі 2023 жылы берілген еді. Енді міндетті зейнетақы жинақтары бойынша шектеу 100 пайызға дейін ұлғайтылып отыр. Бірақ бұл барлық қаражат автоматты түрде жекеменшік басқарушыларға беріледі деген сөз емес. Шешімді бұрынғыдай салымшының өзі қабылдайды. Мамандардың пікірінше, бұл нарықтағы бәсекелестікті күшейтіп, жинақтардың табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Фархад Охонов, «Halyk Finance» АҚ Басқарма төрағасы:
- Бұл бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – зейнетақы нарығын, атап айтқанда, зейнетақы жинақтарын жекеменшік басқарушыларға беру механизмін жетілдіру. Неліктен? Өйткені бұл бәсекелестікті дамытады. Қазір жекеменшік басқарушы компаниялардың шоттарында шоғырланған қаражат барлық зейнетақы жинақтарының жарты пайызына да жетпейді.
Сарапшылардың айтуынша, зейнетақы жинақтары азаматтардың тұрақты аударымдар есебінен ғана емес, осы қаражатты тиімді инвестициялау арқылы да өсуі керек.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Бірінші кезекте біз осы жүйені әртараптандыру керек. Тек қана мемлекеттік бағалы қағаздармен байланыстыратын болсақ ол инфляцияға тәуелді болады. Ал егер біз оны ірі инвестициялық жобаларға, халықаралық акциясы жоғары, дивидент әкеліп тұратын ірі жобаларға, одан кейін мынау ішкі табыстылығы жоғары жобаларға қарай бағыттайтын болсақ, біз инфляцияның да алдын ала отырып, ақшаның да құндылығын сақтай аламыз.
Сондықтан мамандар қолданыстағы механизмді одан әрі жетілдіруді ұсынып отыр. Жаңа модель бойынша зейнетақы активтерінің бір бөлігін Ұлттық банк мандат негізінде ұйымдарға бере алады.
Нұржан Тұрсынханов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары:
- Бұл кезең-кезеңімен жүзеге асатын процесс. Алдымен мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша субпортфельді енгізуден бастаймыз. Кейін біртіндеп корпоративтік облигациялар мен корпоративтік сектордың акциялары енгізіледі. Яғни Ұлттық инвестордан бөлек, эмитенттердің қор нарығына шығуына мүмкіндік беруді қолға алдық. Бағалы қағаздар шығарылымын тіркеу, листинг рәсімдерін едәуір жеңілдетіп, мерзімдерін қысқартып жатырмыз. Акциялар немесе облигациялар шығарғысы келетін ұйымдардың шығындарын айтарлықтай азайтуға күш салынып жатыр.
Зейнетақы реформасы аясында енгізгелі отырған жаңашылдықтардың бірі – инвестициялық портфельдерді жас ерекшелігіне қарай құрастыру. Агенттік мәліметінше, жас салымшылардың портфелінде акциялар мен өсу әлеуеті жоғары құралдардың үлесі көбірек болады. Зейнет жасына жақындаған сайын портфель құрылымы біртіндеп консервативті әрі өтімді активтерге ауысуы тиіс. Нақты параметрлер салымшылардың әлеуметтік-демографиялық құрылымы мен жүйенің жаңа модельді енгізуге дайындығын ескере отырып жасақталады. Зейнетке жақын арада шықпайтын адамға тәуекелі жоғары инвестициялық стратегияны таңдауға мүмкіндік берілмек. Өйткені нарықтағы ахуалға байланысты қаражатын жоғалтып алған күннің өзінде қайта қалпына келтіріп үлгеруге уақыты бар.
Фархад Охонов, «Halyk Finance» АҚ Басқарма төрағасы:
- Бұл – жастарға құрамында акциялар да бар стратегияны таңдауға мүмкіндік. Мұндай құралдар осы санаттағы азаматтардың зейнетақы жинақтарының көбірек өсуіне ықпал етеді. Ал зейнетке шығуына бірнеше жыл ғана қалған адамдар үшін стратегия консервативтірек болуы керек. Олар үшін енді көп тәуекелге бару емес, жинақтарын сақтау және кем дегенде инфляция деңгейінде өсіру маңызды.
Енді бәріңізді мазалап отырған сұраққа жауап бере кетейін. Халық жиған тергенін кімге сеніп тапсыруы керек? Жинақтарды басқаруға тек реттеуші белгілеген талаптарға сәйкес келетін компаниялар құқылы. Олар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен сенімгерлік басқару туралы шарт, сондай-ақ қор және бағалы қағаздар мен клиенттердің активтерін сақтаумен айналысатын банк-кастодиан арасында үшжақты кастодиандық шарт жасасуы керек. Қазір зейнетақы активтерін басқаруға алты ұйымның рұқсаты бар. Дегенмен мамандар басқарушы компанияны таңдамас бұрын мұқият болу керегін ескертеді.
Ляззат Әмірғалиева, «БЖЗҚ» АҚ Инвестициялық портфельді талдау басқармасының басшысы:
- Инвестициялық портфельді басқарушылардың қаржылық көрсеткіштерін, сондай-ақ оларға реттеуші тарапынан қолданылған әкімшілік шаралар, санкциялар мен басқа да шаралары туралы ақпаратты талдау қажет. Басқарушыны салымшы өзі таңдайды. Invest.enpf.kz порталында ИПБ қызметінің нәтижелілігінің негізгі көрсеткіштерін, атап айтқанда кірістілігін, портфель құрылымын және қаржылық көрсеткіштерін салыстыруға болады.
Басқарушы компания ресми тізілімнен шығарылған жағдайда, салымшылардың зейнетақы жинақтары Ұлттық банктің басқаруына қайтарылады. Сондай-ақ салымшы өз жинақтарын басқа сенімгерлік компанияға бір жылдың ішінде бір рет қана аудара алады.