Еңбекпен ырысын еселеген әулет
Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында тұратын Қайрекеновтар отбасы бақыттың кілті бірлікте, табыстың кілті татулықта деп біледі.
Бұл әулет ұлттық салт-дәстүрді берік ұстануымен және еңбекққорлығымен ерекшеленеді. Биылғы «Мерейлі отбасы» байқауына қатысқан әулет аудандық кезеңнен іркілмей өтіп, облыста да озып шықты.
Аққозы – Оралдан оңтүстік-шығысқа қарай 270 шақырым қашықтықта орналасқан, 750-дей тұрғыны бар елді мекен. Қуанышқали мен Ақжан Қайрекеновтер – осы ауылдың байырғы тұрғындары. Жақсылыққа ат байлап жүретін, жамандықты қақпайлап жүретін, айналаға абыройлы, қатарына қадірлі жандар.
Әділбек Тұрмағамбетов, ауыл тұрғыны:
- Жақсы, үлгілі отбасы. Осы кісілерге қарап, біз кемшіліктерімізді түзетіп отырамыз. Екі жыл болды көрші тұрғанымызға. Осы суға кеткеннен бері, осы үй берілгеннен бері көршіміз. Осы кісілерге қарап, мақтанып отырамыз. Кеш жатып, ерте тұрады.
Шаңырақтың тірегі, қазір алпыстың жетеуіне келген Қуанышқали ағамыз – өз бақытын еңбекпен еселеген азамат. Жас кезінде көлік жүргізушісі болса, кейін шаруашылық тараған тұста жеке қожалығын құрыпты.
Қуанышқали Қайрекенов, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:
- Кезінде совхоздан әкеме пай ретінде бір түйе берілді. Сол түйені үйретіп, ЗИЛ моторымен шөп шауып, ауылға көмектесіп, сөйтіп еңбек еттік. Содан кейін 2015 жылы өз шаруашылығымызды аштық. Сол шаруашылықты біртіндеп жүргізіп келеміз. Қазір шаруашылықты кіші ұлым Нұрболат жүргізеді, ал мен қарап, ақыл-кеңес беріп отырамын.
Қуанышқали Қайрекенұлы мен Ақжан Сағиқызы 1983 жылы отау тіккен. 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, 5 баладан 8 немере, 7 жиен көріп отыр. Ақжан анамыз биыл ауылда «Шамшырақ» әжелер ансамблінің құрылуына мұрындық болыпты. Қазір әнші әжелер ауылдағы әр шараның басында жүреді. Қоғамдық қызметпен қатар апамыз үй шаруасына да мығым. Өз білгенін келіндеріне үйретуден жалыққан емес.
Ақжан Қайрекенова, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:
- Бұдан киіз басамыз. Мынау — сабау болады. Сабауды талдан жасайды. Жүнді алдымен қопсытып аласыңдар да, осылай сабайсыңдар: тарсылдатып, біркелкі ұрып отырасыңдар. Сонда жүн көтеріледі. Осыны «бір сабам» деп айтады. Осындай-осындай 18 сабам жүннен бір нән киіз шығады. Үйренем деген кісіге бұл өте оңай.
Қайрекеновтер отбасы ауылда тұрып, ата кәсіпті жалғастырып келеді. Мал бағып, сиыр сауып, құрт-май, ірімшік, айран-қаймақ дайындайды. Еңбекпен тапқан нан тәтті. Балалар үй шаруасына жастайынан араласып, еңбектің қадірін, адал кәсіптің мәнін түсініп өседі.
Дидар Қайрекенова Қ. Қайрекеновтің қызы:
- Мен өзім 7 сынып оқығаннан бастап 14 сиыр саудым. Сол жаста үйрендім. 6 таба нан көметін болдым. Оның бәрін мен айтсам, қазір бір ертегі сияқты. Алайда осының бәрін үйретті. Мен бұрын «мен баламын, неге бала болып ойнамасқа» деп ренжитін едім. Қазір рақмет айттым ата-анама.
Қайрекеновтер отбасының абыройын асқақ, мерейін үстем қылған еңбек десек, артық емес. «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде озық шыққан жанұя енді Астанаға жолдама алды.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов