Күніне қанша сағат ұйықтаған жөн?
«Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық». Бұл сөз ұйқыға қатысты айтылды ма әлде шаруаңды ерте қамда дей ме? Екеуі де маңызды, әрине. Ұйқы арсыз деп те жатады, деп хабарлайды 24KZ.
Бірақ бүгінгілер бұған басқаша қарай бастады. Яғни таң алагеуімнен тұрмай, ұзақ ұйықтаған жөн деген кеңес көп. Тіпті әлеуметтік желіде sleepmaxxing деген үрдіс пайда болған. Желі қолданушылары ұзақ әрі сапалы ұйқының құпиясын бөліседі. Магний ішу, киви жеу, тіпті мұрын қуысын кеңейту секілді ұсыныстар да бар.
Ауызды таңып тастау, медитация, массаж, мелатонин қабылдау. Бұл желіде тараған кеңестердің бір бөлігі ғана. Алайда ғалымдар бұл мәселеге мән берген сайын адамдар, керісінше, ұйқысыздыққа ұшырайтынын айтады.
Брайан Гиллис, Оберн университетінің профессоры:
- Бірер жыл бұрын ғана «лайфхак» дейтін едік. Енді «максинг» деп айтып жүрміз. Sleepmaxxing — бұл ұзақ әрі сапалы ұйқының сыры деуге болады. Бірақ кейде адамдар шектен шығып кетеді. Мәселен, 100 мг магнийдің орнына 1000 мг ішіп қояды. Бұлай істеуге болмайды.
Әлеуметтік желіде тараған кеңестер ғылыми дәлелденген. Бірақ зерттеулер жеке жүргізілгендіктен, кеңестерді бір мезетте қолданудың денсаулыққа қалай әсер ететінін ешкім айта алмайды.
Брайан Гиллис, Оберн университетінің профессоры:
- Блогерлер айтты екен деп, кеңестердің бәрін істеу міндет емес. Бір ғана әдетті үзбей, күнде орындасаңыз, соның өзі жеткілікті. Таяуда зерттеу жүргіздік. Бір топ қараңғы салқын бөлмеде ұйықтаса, екінші топ кешкі асты ерте ішіп жүрді. Сөйтіп, бір өзгерісті ғана енгізген отбасылардың ұйқысы жақсарғанын анықтадық.
Алайда әр адамның ұйқыға деген қажеттілігі әртүрлі болуы мүмкін. Біріне 4 сағат жеткілікті болса, ал енді біріне толық тынығу үшін 8 сағаттың өзі аздық етеді. Мұның сыры ғылымда деген болжам бар.
Алекс Кин, A&M университетінің биология профессоры, кафедра меңгерушісі:
- Ұйқыға әсер ететін жүздеген, тіпті мыңдаған ген болуы мүмкін. Адамдардың генетикасы бірдей емес. Сол сияқты ұйқыға деген қажеттілігі де әртүрлі. Бірақ бұл тұқым қуалауы мүмкін. Таяуда биологтар тышқанға және шыбынға арнайы ген енгізген соң, жәндіктердің ұйқысы азайғанын анықтады.
Қалай десек те, ұйқыға әсер ететін көп фактор адамның өз қолында. «Түнімен телефон шұқылап, гаджетке телміру арқылы адамдар тек уақытын емес, ұйқысын да ұрлап жатыр», - дейді ғалымдар.
Ұйқының ұзақтығынан бөлек, тұрақты режим маңызды екенін айтады. «Күнде бір уақытта ұйықтап, бір уақытта ояну денсаулыққа оң әсер етеді», - дейді олар.
Авторы: Зайнұр Байжігіт