Жеңіспен өрілген жеті жыл

Қазір елімізде спортпен шұғылданамын деген кез келген адамға мүмкіндік бар, деп хабарлайды 24KZ.

Салауатты өмір салтын қалыптастырып, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде осы күні 400 мыңнан аса бала арнайы спорттық мектептерден дәріс алып жүр. Олардың алды әлем және олимпиада ойындарында жүлде алып үлгерді. 

Соңғы жеті жылдағы жетістіктерімізді жіпке тізер болсақ, жаңылып кетуіміз мүмкін. Өйткені жыл он екі ай жарысқа толы. Құрлықтық додалардан бөлек, дүниежүзілік жарыстар қаншама. Сондықтан ұлт спортының өлшемі олимпиада десек, төртжылдықтың басты додасындағы қазақ спортшыларының жетістігіне қайта бір көз жүгіртіп көрсек. Токио ойындарында топ жара алмадық. Дегенмен қоржынымыз бос қайтпай, 9 қоламен оралдық. Бейжіңдегі қысқы ойындардан жүлде бөлісіне араласа алмай қысыла қысыла қайтқанымыз есімізде. Ал екі жыл бұрын Париж төрінде Елдос Сметов ел мерейін асқақтатты. Демеу Жадраев пен Нариман Құрбанов және Нұрбек Оралбайлардың күмісі де көңілімізді бір көтеріп тастады. Назым Қызайбай мен Ғұсман Қырғызбаевтардың қоласына да қуандық. Ал Миланда Михаил Шайдоров мерейімізді тасытты.

Жеті жылда жеткен жетістіктеріміз бұл ғана емес. Қазақ елінің ұл-қыздары әлемдік жарыстарда сан мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Олардың басым көпшілігі – жастар. Кеше ғана аяқталған Азия ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрінген Едіге Қасымбек, Ажар Асхат, Әділет Алмат, Жоламан Биғабыл секілді жас спортшыларымыздың келешегінен зор үміт күтеміз. Бұрындары палуандар мен былғары қолғап шеберлерінің жолын тоссақ, қазір елімізде көптеген олимпиадалық спорт түрлерінде серпіліс байқалады. Атап айтсақ, семсерлесу спорт түрі, таэквондо, гимнастика, ескек есу, дзюдо, нысана көздеу түрлері бойынша спортшыларымыз әлем мықтыларымен иық тірестіретін дәрежеге жетті.

Иә, спорт саласы соңғы жылдары айтарлықтай өзгерістерден өтіп, елдің әлеуметтік-мәдени өмірінің маңызды бағыттарының біріне айналды. Қазіргі таңда спорт тек жоғары жетістіктер саласы ғана емес, халықтың денсаулығын нығайтатын, жастарды тәрбиелейтін және елдің халықаралық беделін қалыптастыратын маңызды құрал ретінде де қарастырылады. Сондықтан Мемлекет басшысы балалар спорты мен бұқаралық спорттың да дамуын әрдайым басты назарда ұстайды. Қазір спортты серік етіп, шынығып шымыр болғысы келетіндерге жағдай жасалып жатыр. Тек қалалы жерде емес, шалғай ауылдарда да спорттық кешендер салынып, инфрақұрылым мәселесі де шешіліп келеді.

Елімізде спорт саласына қатысты заңдарға да елеулі өзгерістер енгізілді. Яғни кәсіби спорт клубтарын бюджеттен қаржыландыруға шектеу енгізіліп, қаржыны балалар мен бұқаралық спортқа бағыттау күшейтілді. Жаттықтырушылардың жалақысын жоғарылатып, спорт саласын цифрландыру заңмен бекітілді. Спорт федерацияларының мәртебесі нақтыланып, ұлттық спорт түрлері олимпиадалық және паралимпиадалық спортпен тең мәртебеге ие болды.

Бұл салада олқылықтардың да орын алған тұстары бар. Оны спорттың басы-қасында отырған мамандар жақсы біледі деген ойдамыз. Алда Лос-Анджелес олимпиадасы. Оған дейін де бірнеше байрақты бәсеке бар. Қазақ спортының ертеңі жарқын болғай. 

Сондай-ақ оқыңыз: