Атақты Агата Кристи туралы қызықты және сіз күтпеген деректер

Атақты Агата Кристи туралы қызықты және сіз күтпеген деректер
Greelane.com

Агата Кристиді білмейтін жан кемде-кем. Бүгін, 15 қыркүйек – атақты жазушының туған күні.

Ағылшын жазушысы 19 ғасырдың соңында дүниеге келген, алайда оның шығармалары әлі күнге дейін танымал.

Олай болса, көпшілік сүйіп оқитын детектив ханшайымы туралы қызықты деректермен бөлісейік.

1. Ол өз мамандығынан ұялған.

Агата Кристи ондаған кітап шығарғаннан кейін де ресми құжаттардағы «қызмет түрі» бағанында өзін «үй шаруасындағы әйел» деп көрсеткен. Атақты жазушының жеке кабинеті де, жазу үстелі де болмаған.

2. Өзін ұрлау оқиғасын ұйымдастырған.

Агатаның бірінші күйеуі Кристи Арчибальд 11 жылдық некеден кейін ажырасқысы келетінін жариялағаннан кейін, жазушы 11 күн бойы жоғалып кетеді. Агата өзін ұрлау оқиғасын ұйымдастырды деген теория бар. 11 күннен кейін жазушы қонақ үйден табылады және осы уақытқа дейін не болғанын есіне түсіре алмайды. Жазушының кейбір өмірбаяншылары оның күйеуін ұстап қалу және өзін іздеуге мәжбүрлеу үшін осындай қадамға барғанын айтады.

 3. У-ға деген «махаббат». 

Егер сіз Кристидің шығармаларымен біршама таныс болсаңыз, жазушы өзінің романдарында у-ға деген «махаббаты» қандай болғанынан хабардар шығарсыз. Зерттеушілер Кристидің кітаптарында 83 улану оқиғасы барын есептеген.  

4. Кітаптары ең көп жарияланған автор

Бүгінгі таңда Кристидің романдары әлемдегі ең көп басылған және сатылған шағырмалар болып саналады (оның шығармалары Шекспир мен Библиядан кейін екінші орында деп есептеледі). Тіпті «Гарри Поттердің» авторы Джоан Роулинг Агата Кристиді басып оза алмады.

5. Агата Кристи психикалық ауытқушылықтан зардап шеккен

Дисграфия – бұл әдеттен тыс психикалық ауытқушылық. Даңқты жазушы осы ауру түрімен ауырған. Яғни Агата жазу жазғанда әріптерді дұрыс тәртіпте орналастыра алмаған. Ол шығармаларын машинкаға басып немесе көмекшісіне жаздырып отырған.

6. Лақап ат

Оның бірнеше романы Мэри Уэстмакотт лақап атымен шыққан.

7. Сюжет құрастыруға тиімді уақыт

Агата Кристи тоқып отырып, болашақ шығармаларының сюжеттерін құрастырғанды ​​ұнатқан.

8. Эркюль Пуаро

Әлемдік әдебиет тарихындағы ең танымал детективтердің бірі – әйгілі бельгиялық Эркюль Пуароны 33 романнан, 54 әңгімеден және бір пьесадан кездестіре аласыз.

9. Агата Кристи Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде медбике болып жұмыс істеген

Агата Кристи ауруханада медбике болып жұмыс істеп қана қоймай, әлемдегі ең пайдалы мамандықтардың бірі екеніне сенімді болған. Сондай-ақ жазушы дәріханада фармацевт болып қызмет атқарған.