Құрылыс компанияларына қойылатын талап күшейтілді
Астанада биыл маусым айынан бастап құрылыс компаниялары инженерлік желілері бітпеген немесе енді жобаға алынған учаскелерде жаңа нысан салу жұмыстарын жүргізе алмайды.
Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Шаһар басшысының айтуынша, елордада бүгінде 50-ге жуық нысанның құрылысы рұқсат құжаттарынсыз жүріп жатыр. Құрылыс нысандарында дөңгелек жуу орындары, дыбыс өткізбейтін тосқауылдар мен қауіпсіз қоршаулар болуы керек. Осыған дейін қалада абаттандыру және тазалық тәртібін бұзған 18 құрылыс компаниясы жауапқа тартылды. Олардың мердігерлері қосымша ақша табу үшін құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленген орынға апармаған. Салдарынан заңсыз полигондар пайда болды. Мәселен, аудан әкімдіктері жыл басынан бері 15 қоқыс үйіндісін жойып, 13 мың тоннаға жуық қоқыс шығарған.