Салқындатқыштың пайдасы мен зияны
Аптап ыстықта бөлме температурасын реттейтін құрылғыға сұраныс артты.
Нарықта желдеткіш пен ауа баптағыштар қымбаттаған. Себебі сұраныс бар жерде бағаның да шарықтайтыны белгілі. Аптапта адамдар қалай амалдап жүр?
Елорда тұрғыны Болатбек Тусанов таяуда баспаналы болды. Бірақ жаз айларында үйінің іші қапырық болатынын айтады. Отыру, қонақ шақыру мүмкін емес. Осыған байланысты ол осы аптадан кешікпей сапалы желдеткіш құрылғысын сатып алу міндетін қойды. Дүкендердегі бастапқы баға 100 мың теңгеден жоғары болған соң, қалтаға салмақ түсіретінін жасырмады.
Болатбек Тусанов, қала тұрғыны:
– Былай қарасаң, бағалары қымбаттау. Біз көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын жақта тұрамыз. Сол жерде үй берген бізге. Соған енді зейнетақымды жинап көріп жатқан жағдайымыз бар. Әліміз келсе аламыз, келмесе басқасын көреміз.
Ауа баптағыштардың барлығы дерлік көрші Қытайда құрастырылады. Бренд үлгілері сан түрлі болғанымен, функционалдық тұрғыда бір-бірінен айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Пәтеріңіз бен кеңсеңіздің кеңдігіне қарай жүйенің қуаттысын таңдап береді. Картина пішінді дизайнерлік үлгілеріне дейін бар. Бірақ олардың бағасы жарты млн теңгеден басталады.
Темірлан Аринов, сатушы:
– Үйінде баласы немесе қариясы бар отбасылы адамдар жиі келеді. Қазір ыстық ауа райында тынысы тарылып жүрген азамат көп. Барлық клиенттің өтініші мен сұранысын тыңдап, өздеріне ыңғайлысын көрсетеміз. Көбі сапаға және дыбысының тыныштығына мән береді.
Желдеткіш – қан қысымы жоғары жандарға таптырмас құрал. Өйткені олар жаз айларында көлеңкеден шыға алмай біраз әбігерге түседі. Бұл жағдайға атүсті қарауға болмайды. Себебі денсаулыққа, тіпті өмірге қауіп төндіреді. Тағы сырттан ішке терлеп кіру, артынша бірден кондиционер қосу немесе құрылғының ішкі сүзгішін уақтылы тазартпау – түрлі дертке әкелуі мүмкін. Мұны көпшілік біле бермейді. Бұл ретте дәрігерлер тұрғындарды күтініп жүруге шақырады.
Розалия Латыпова, отоларинголог-дәрігер:
– Кеше кабинетіме 4 қыз келіп, кондиционер кесірінен суықтап қалғанын айтты. Жұтына алмай тамақтарын ұстап шағымданды. Тексере келе, оларға өзге адамнан ангина жұққаны анықталды. Бұл жерде кондиционердің қатысы шамалы. Оның суығына ауырып қала беретін адамдардың әдетте иммунитеті әлсіз келеді. Ағзасынан толық шыға қоймаған дертті желдеткіш қоздырып жіберетіні рас. Сондықтан сақтану керек.
Кондиционерді тым ұзақ және дұрыс пайдаланбаған кезде ішіне шаң-тозаң жиналып, микробтар мен бактериялар пайда болады. Салдарынан фильтрі мен ішкі қабырғалары көгеріп кетеді. Мұндай кезде құрылғыны шұғыл сервистік орталықтарға тапсырған жөн екенін ескертеміз. Негізі тазарту және ішіндегі фрион сұйықтығын ауыстыру жылына бір мәрте жүргізілуі керек.
Мирлан Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов, 24.KZ