Ескерту: Бірқатар өңірде күн райы әлі де тұрақсыз болады
Бүгін еліміздің бірқатар өңірінде күн күрт бұзылды, деп хабарлайды 24kz.
Елордада екпінді жел соғып, жауын селдетті.
Нөсер салдарынан көшелер суға толып, қатынас қиындады. Сондай-ақ еліміздің батысында табиғат шәлкес мінез танытты.
Оралда шаңды дауыл тұрып, үйлер жарықсыз қалды. Қатты жел ағаштарды құлатып, үйлердің шатырын ұшырып әкеткен. Қала ғана емес, ауылдарда осындай жағдай. Оның үстіне өңірде шілденің шіліңгірі дес берер емес, бірнеше тәуліктен бері сынап бағанасы 35 градустан түспей тұр.
Ал, «Қазгидромет» мамандары атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты күн райы әлі де тұрақсыз болатынын айтады. Еліміздің солтүстігі мен шығысы, сондай-ақ орталығында қатты жаңбыр жауады. Атырау, Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында аптап ыстық орнайды.