Жетісуда қауіпті жол учаскелеріне 216 бейнетіркеу құралы орнатылады
Жетісу облысының тас жолдарында қауіпсіздікті қадағалайтын 216 бейнетіркеу жүйесі пайда болады.
Олар көлік апаты көп болатын учаскелерде орнатылады. Қазір Алматы-Өскемен автобанында және Талдықорған көшелерінде осындай құрылғылар істеп тұр, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Жаңа камералар жылдамдықты асырған және жол белгілерін елемеген темір тұлпарларды анықтайды. Жалпы биыл облыс аумағында 300-ден астам көлік апаты тіркеліп, 48 адам қаза болды.
Олжас Отаров, облыстық ПД Жол полициясы басқармасының бөлім бастығы:
- Жол қозғалысы тәртібін сақтамаған көлік автоматты түрде тіркеледі. Бірақ жол ережесін бұзу дерегін полиция департаментінің жауапты қызметкері тексеріп, электронды-цифрлық қолтаңбамен жолдап отырады.